Жас чемпиондар абыройды аспандатты

Үстел теннисі – өте қызықты, жан-жақты және әр жастағы адамдар үшін қолжетімді спорт түрі. Қимыл-қозғалыстың тездігі, шабуылдың шапшаңдығы және техникалық қиыстырулардың кенеттілігімен өзіне қатты қызықтыратын ойын. Осындай ерекшелігімен көпшіліктің қызығушылығын өзіне аудара білген спорт түрін жанына серік еткен балалар мен жасөспірімдерді Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов қабылдап, алғыс хаттармен марапаттады. Сый-сияпат жасады. Шәкірттерінің жоғары жетістіктерге жетуі жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген жаттықтырушыларына алғысын айтты.
«Әрбір спортшымыздың жеңіс тұғырына көтеріліп, байрақты бәсекелерде жүлделі орындарға ие болуы ауданымыз үшін үлкен мақтаныш. Сіздердің алдағы уақытта Олимпиада мен Азия ойындарына, сондай-ақ, өзге де еуропалық, әлемдік деңгейдегі турнирлерге қатысып, чемпион болатындарыңызға сенім білдіремін» деді аудан басшысы.
Жыл сайын өткізілетін халықаралық, республикалық, облыстық турнирлерге қатысатын облыс құрамасында өнер көрсететін спортшылардың 50 пайызын жетісайлықтар құрайды.
Өткен жылдың өзінде үстел теннисі Федерациясының бекіткен ережесіне сәйкес өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты мен Қазақстан Республикасының кубогында Жетісай ауданының үстел теннисшілері жекелей, жұптық және командалық сайыстарда 3 алтын, 9 күміс, 10 қола, Халықаралық турнирлерде 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль жеңіп алған.
Жетісай аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, ардагер спортшы, Халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев қатысқан шарада аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов үстел теннисінен Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Ержан Есімхановты, үстел теннисінен ауданның аға жаттықтырушысы Ерлан Қарашаев пен пара үстел теннисінен жастар арасында Қазақстан Республикасының 4 дүркін, ересектер арасында 2 дүркін чемпионы Мақсат Қыдыршаны алғыс хаттармен марапаттады.