Жетісайлық спортшылардың қанжығасы майланды

0
86

 

 

Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының спортшылары соңғы әлетте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Облыс аумағында өткізілген барлық спорт жарыстарында жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Жуырда яғни, 2024 жылдың 28-30 қаңтар күндері аралығында Төлеби ауданы, Ленгір қаласында еркін күрестен 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты өткен болатын.  UWW ережесіне сәйкес өткен жарыс өте тартысты өтті. Облысымыздың барлық аудандарынан 200-ден астам спортшылар қатысып өз ара мықтыларды анықтады. Өз салмақ дәрежелерінде үздік шыққан спортшылар наурыз айында Алматы облысында өтетін байрақты бәсекеде Түркістан облысы құрмасының сапында өнер көрсетпек. Аталмыш жарысқа жетісайлық спортшылар мықты дайындықпен барды. Жаттықтырушылардың төккен тері ақталды. Жоғарғы дәреже өткен чемпионатта Жетісай аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары

65 келі салмақ дәрежесінде Наров Нұртай ІІ орын, 110кг салмақ дәрежесінде Шардарбек Абылайхан ІІІ орын иеленіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осылайша жетісайлықтардың мерейін өсірді.  Жаттықтырушы Е.Аққұлы шәкірттерінің үмітін ақтағанына қуанулы. Сондай-ақ жетісайлықтар волейбол спорт түрінен де мықты. Жуырда Жетісай аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің волейболдан ұлдар командасы, 2024 жылдың қаңтар айының 27-29 күндері Сайрам ауданы Көлкент ауылындағы №65 және №96 жалпы білім беретін мектептерде өткізілген жарысқа қатысып қайтты. Аталмыш жарыс  «Спорт нашақорлықпен есірткіге қарсы» ұранымен және спорт ардагерлері Абдурахманов Шавкатулло Убайдуллаевич пен Абдурахманов Бахрам Сайдулаевичты еске алуға арналған волейболдан 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Халықаралық ашық турнир болып өткен болатын. Жетісайлық өрендер аталмыш спорт сайысына асқан дайындықпен барды. Ала допты алаңда көкке көтеріп, керемет ойын өрнегін көрсетті.  Аталмыш спорттық іс шараға көршілес Қырғызыстан, Өзбекстан елдерінен, Тараз, Шымкент қалалары мен еліміздің көптеген облыстарынан жалпы 300 -ге жуық жасөспірім спортшылар қатысты. Халықаралық деңгейдегі турнирдің ойын алаңында жетісайлық ұлдар командасы өз шеберліктерін көрсете білді. Барлық ойын барысында айқын басымдықпен жеңіске жетіп отырды. Осы ойын барысында жақсы ойын кезеңдерін көрсетіп, жарыс қорытындысы бойынша Жетісай ауданының ұлдар командасы III орынға қол жеткізді. Жас өрендердің жақсы ойын өрнегі әділ қазылар алқасының ойынан шықты.  Спортшылардың жаттықтырушылары Жанабеков Аскат және Жомарт Айтмырза шәкірттерінің жерге қаратпағанына дән риза. Алдағы уақытта өткізілетін көптеген турнирлерге әлден ақ дайындық басталып кетті.

Бұдан бөлек,  2024 жылдың 26-28 қаңтар күндері аралығында Сарыағаш ауданында үстел теннистен 2005 жылы туылған жасөспірмдер және одан төмен жасөспірімдер арасындағы Түркістан облысының чемпионаты болып өтті. Чемпионатқа облысымыздың барлық аудандарынан 200 — ге жуық спортшылар қатысып кілең мықтылар сайысқа түсіп, жеңімпаздарды анықтады. Ұстел теннисінен жетісайлықтар соңғы кезде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Асқан мықты дайындық пен шеберліктің арқасында жүлделі орындарды берген емес. Осы чемпионатта Жетісай аудандық №2 балалалр мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары да қатысып, нәтижесінде 1-алтын, 1-күміс медальға қол жеткізді. Жеңімпаздарыды атап айтар болсақ: Қыздар арасында:

І-орын Серікбай Назым, Ұлдар арасында: ІІ-орын Есімхан Орынбасар.

Жаттықтырушылары Д.Муханбет Әли, А.Қонысбай алдағы уақытта өтетеін турнирлерде шәкірттерінің оза шабатынына кәміл сенімді. Жетісайлық спортшылар бұл жетістікпен ғана тоқтап қалған жоқ. Жуырда яғни, 2024 жылыдың 25-28 қаңтар күндері аралығында Шымкент қаласында үстел теннистен «SHIMKENT CUP» Республикалық ашық турнирі болып өтті. Осы сайысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанның барлық өңірлерінен 200 — ден астам спортшылар қатысқан болатын. Олардың барлығы да кіл мықтыларын жинап келген. Дегенмен  соның ішінде Жетісай аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Нәзир Рамазан 2008-2012 жылы туғант ұлдар арасында ІІ-орын иеленіп арнайы ұйымдастырылған медаль грамотамен марапатталып, қаржылай сертификатқа ие болды. Спортшыны жеңісімен құттықтап жатқандардың қарасы қалың.  Жаттықтырушысы Е.Есімханов шәкірттінің болашақта чемпион болатынын айтып отыр. Осылайша жетісайлық спортшылар жылды жақсы нәтижемен бастап отыр. Алдағы уақытта барлық спорттық шараларда жетісайлық спортшылардың айы оңынан туатыны анық.