Тұлғатану сағаты өтті

Түркістан облысына қарасты Келес ауданында биыл мерейтойлары аталып өтетін қазақтың біртуар ұлы тұлғалар туралы мәдени іс шаралар легі жалғасын табуда. Жуырда Келес аудандық кітапханасы Әбділда Тәжібаевты еске алуға арналған арнайы кеш ұйымдастырды. Қазақ әдебиетінің дамуына мол үлес қосқан дарабоздан қалған мұра мол. Шығармашылығы сан қырлы болып келгенімен, ол ең алдымен ақын, ақын болғанда да қазақтың жайқалған қою жыр бағын сыр шерткен, ой толғаған нәзік те өршіл жырлармен толтырған кең тынысты ақын. Оның дауылпаз жырлары әр қазақтың жүрегінен орын алды. «Ол өнер бәйгесінің алдын бермеген жыр дүлдүлі. Мөлдір суды шыңыраудан тартқан құдықшыдай, маржанды мұхит түбінен алатын іздеушідей, асыл жырды тереңнен ғана тартатын жыр құдіретіміздің бірі» дейді көрнекті әдебиет зерттеуші ғалым Мырзатай Жолдасбеков. ХХ ғасырдағы поэзиямызда көрікті де қуатты лирика туын көтерушілердің ең көрнектісі болған Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург Әбділдә Тәжібаевтың туылғанына биыл 115 жыл толуына орай «Әдебиетіміздің асқар тауы» атты еске алу кеші болды. Кеште аудандық кітапхананың тұрақты оқырмандары Нұрмышева Саулегүл, Көшеков Құрманғазы және №7 жалпы орта мектебінің оқушылары белсене қатысып, ақынның шығармаларын мәнерлеп оқыды. Ақын Әбділда Тәжібаевтың өміржолына арналған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Кеш барысында ақынның әр өлеңі сараланып, талданды. Оқушыларға үлгі боларлықтай өмір жолынан деректер келтірілді. Жалпы жас өрендер қазақтың біртуар ақыны туралы толық мәлімет ала алды. Шығармашыл жастар ақынның кееремет жырларын жатқа айтты. Кешке арнап Әбділда Тәжібаевтың өміржолы мен шығармашылығына және ол туралы қорымызда бар мәліметтерден жасақталып ұйымдастырылған «Бастауын сырдан алған жыр дариясы» атты кітап көрмесіне Келес аудандық орталық кітапханасының библиографы Бухарова Айнаш Сәдібекқызы библиографиялық шолу жасап көпшілік оқырмандарға таныстырды. Кеш соңында оқырмандар ақын Әбділда Тәжібаевтың шығармаларын оқығандағы түйген ойлары мен кештен алған әсерлерімен бөлісті. Бұдан бөлек Келес аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен 29 қаңтар күні ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерімен ауылдық кітапхана және жастар инспекторы ұйымдастыруымен №59 Б. Момышұлы орта мектебінің думан залында жастар арасында «Жастар — ел тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Жастардың дамуына, болашағын айқындауына жол көрсететін мұндай шаралардың берері көп әрине. Хидиров Ыдырыс осы тақырып бойынша баяндама жасады. Әрі қарай сұрақ — жауап, пікірлесу әдісімен қатысып отырған жастар өз ойларын, пікірін білдірді.
«Жаңа Қазақстанның жастары қандай болу керек?», » Болашақта қандай мамандық иелері болғыларың келеді? «, «Діни сауаттылық деген не?» «Мейірімсіздік қайдан туындайды?» т. б. сұрақтарға жауап беріп, белсенді қатысып отырды. Қатысушы жастар отансүйгіштікке, ізденімпаздыққа, мейірімді болуға, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеу мақсатында өткен осындай жиындар жиі өткізілгенін қалайтындарын білдірді. Бұдан кейін, биылғы «Бір ел-бір кітап 2024» республикалық акциясы аясында таңдалған қазақ балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевты еске алуға арналған кеш өтті.
Бозсу ауылдық кітапханасында оқырмандарға Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығынан әңгіме-шолу, және де кітаптары насихатталды. «Бердібек-қазақтың дара жазушысы» атты кітап көрмесі жасалынды.
Аталмыш шараны өткізудегі мақсат — оқырмандарға Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау мақсатында жазушының өмірі мен шығармасы таныстыра отырып, оқушының кітап оқуға деген қызығушылығын дамыту. Ойлау қабілеттерін, көркем жеткізе білуі. Әлемге танылған әйгілі шығармасы туралы білімдерін толықтыру болып табылады. 11 «Жолбасшы» жалпы орта білім беретін мектебінің 8 сынып оқушыларының қатысуымен ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әні қазақ КССР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына-115 жыл толуына орай «Әнін көкке қалқытқан» атты тұлғатану сағаты болып өтті. Іс шарада оқырмандарға күміс-көмей әнші, жарқын тұлға композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің өмірі жайлы 8 сынып оқушысы Н.Әуелбек айтып өтті. Халық әртісінің еңбектеріне мектеп кітапханашысы М.Байдәулетова шолу жасап, мәліметтермен таныстырды. Оқырмандар өздерінің сұрақтарын қойып, керекті мәліметтерін түсініп, сұрақтарына нақты деректер арқылы жауап алды. «Алтын қордағы дауыс»атты кітап көрмесі таныстырылды. Аталмыш шараны өткізудегі мақсат — әншінің шығармашылығына тоқталу, таныстыру, таныту, жан – жақты білімдерін жетілдіру. Оқушылардың музыкаға деген сүйіспеншілігін дамыту болып табылады. Бұдан кейін, тағы да 2024 жыл «Бір ел- бір кітап» республикалық акциясы аясында көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқу бекітілді. Осы орайда, Ұшқын ауылдық кітапханасында «Бердібек қазақтың дара жазушысы» атты тақырыпта көрме жасады. Көрмеге Т.Бердияров мектебінің оқушылары қатысты. Кітапхана меңгерушісі Утебекова Сәбира көрмеге шолу жасап, оқушыларға Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Аяжан», «Менің атым Қожа» және де т.б. естелік әдебиеттерімен таныстырып өтті. Көрмеге Бердібек Соқпақбаевтың кітаптары мен еңбектері және де замандастарының естеліктерін қойылды. Мұндай мәдени шараны өткізудегі мақсаты: — 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін 2024жылы «Бір ел- бір кітап» акциясы аясында таңдалынып алынған қазақ әдебиетінде өзгеше соқпақ салған көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау; жазушының шығармаларын ел болып оқуға ұсыну болып табылады. Жалпы Келес ауданында өтіп жатқан мәдени іс шаралардың барлығы да жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Барлығында ұлтымыздың ұлы тұлғаларын дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі ету басты мақсат болып отыр. Алдағы уақытта да осы тақылеттес шаралар жалғасын табатын болады.