1 476 800 теңге қайтарымсыз грант алыңыз


Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып табылады.
Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Өтінім беру үшін қажет:
— Порталда тіркелу;
— грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
— бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
— өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады:
— тіркелген жұмыссыздар;
— жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
— мүгедектігі бар адамдар;
— қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
— өңіраралық қоныс аударушылар
— аз қамтылған отбасы мүшелері;
— көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
— мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
— асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.
Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.