ҚОЖАТОҒАЙЛЫҚТАРДЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН КЕШЕН

0
100

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылды жерлерде көптеген әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық нысандар пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары олардың игілігін көруде. Аталмыш бағдарлама аясында Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылында тұңғыш заманауи спорт зал комплексі ашылды. Спорт кешені барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда жасөспірімдер мен балаларға арналған олимпиядалық спорттың бірнеше түрімен шұғылдануына барлық жағдай қарастырылған.
Спорт кешенінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімі Гүлжан Құрманбекова:
— Баршаңызды жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын. Бұл күн балғын балалардың, ауыл жастарының ең қуанышты да бақытты күндерінің бірі деп есептеймін. Осы спорт кешенінде шыңдалған жастарымыз облыстық, республикалық додаларда жеңіске жетіп, олимпиада шыңдарын бағындырып, көк туымызды желбірете берсін! – деген еді. Одан әрі ол алдағы уақытта қалаға қарасты барлық ауылдарда спорт кешендерінің құрылысы жүргізілетінін айтқан.
Жаңа спорт кешенінің жалпы ауданы 371,65 шаршы метрді құрайды. Зәулім де кең спорт зал едені өте сапалы резеңке жабындысымен жасалынған. Ал сырты әсем әрі жылу болатын металсайдингімен қапталынған. Мұнда медициналық бөлме, ішкі дәретханалар, гардероб та қарастырылған. Бір уақытта 100-ден астам адам спортпен шұғылдана алады. Енді ауыл жастары волейбол, баскетбол, бокс, үстел теннисі, күрес, гимнастика сынды спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды.
Ауылда алғаш рет ашылған спорт залдың мүмкіндіктерін жоғары бағалаған ауыл тұрғындары «Балалар бұл залды қатты ұнатып қалды. Іші кең, жарық, ең бастысы, ыңғайлы. Бұл спортсүйер жасөспірімдер үшін үлкен сый. Спорттың дамуына зор ықпал етері сөзсіз»,- деп қуаныштарын жеткізген. Ашылғанына көп уақыт өтпесе де қожатоғайлық үлкен де, кіші де бүгінде спорт кешеніне жиі бас сұғуда. Әсіресе, жазғы каникулдағы балалар спорттың алуан түрлеріне деген қызығушылығымен, болашақта атақты спортшы болуға деген құлшынысымен кешеннің игілігін көріп, армандарына алғашқы қадамдарын жасауда.
Бүгінде Арыс қаласы бойынша 2 спорт кешені мен 100-ден астам спорттық алаңқайлар мен спорт залдар, жаттығу құрылғылары бар. Арыс қаласындағы 4 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінде 15 түрлі спорт түрінен үйірмелер жұмыс істейді.