Түлкібаста балық шаруашылығы іске қосылды

Түлкібас ауданында балық шаруашылығымен айналысатындар саны күн санап артып келеді. Берекесі мол шаруашылықты қолға алғандардың бірі Ақбиік ауылындағы «Али студия» жеке кәсіпкерлігі. Шаруа жасанды екі тоған жасап, қазіргі таңда тоғанға 5 мың дана форель балығының шабағын жіберген.
Алдағы уақытта екінші тоғанға сазан балығының шабақтарын жіберуді жоспарлап отыр. Шаруа жалпы аумағы 1 гектар тоған аумағын абаттандырып, келушілерге ыңғайлы жағдай жасамақ. Алғашқы өнімін биыл күз айларында саудаға шығаруды көздеп отыр.
Айта кетейік, ауданның басқа өңірлерден ерекшелігі — бұлақ көздерінен шыққан суларға балық өсіруге мүмкіндік бар. Сол себептен тамақтандыру орындарында үлкен сұранысқа ие балықтың түрін көбейтіп мол табысқа жетуге болады.