«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ ӨҢІР ҚУАТЫ АРТУДА

0
189

«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – біріншіден, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, табысын молайту. Екіншіден, ауылдан жастар ірі мегаполистерге көшіп кетіп жатыр. Соларға жағдай жасап, ауылдарды аман сақтап қалу және көші-қонды реттеу көзделген. Үшіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және отандық өнім үлесін көбейту. Ауылдағы тұрғындар өнімдерді өзі өндіру арқылы табысын молайтып қана қоймай, елімізді отандық өніммен қамтуға үлес қосады.
Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Сондықтан да бұл өңірде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар ауқымды. Климаттық жағдайы, жұмыс күші тұрғысында ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 1 миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы облыс халықының табысын арттыруға оңды нәтижесін беруде. Бүгінгі таңда бағдарлама есебінен 30 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, 3413 жаңа жұмыс орны құрылды, 75 кооператив ашылды.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы, ауыл тұрғындарының табысы мен әлеуметтік жағдайларының көтерілуіне ықпалын тигізді. 2023 жылы республикалық бюджеттен бағдарламаны жүзеге асыруға 19,8 млрд. теңге бөлініп, негізгі 6 бағытты қаржыландыруға басымдылық беріліп, 3256 жоба қаржыландырылған. Жобаға пилоттық түрде 64 ауылдық округі қатысты. Нәтижесінде 3413 жаңа жұмыс орындары құрылды, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 340 адамға қысқартылды, табыс көзі орташа жалақы 20 пайызға ұлғайды, шағын кәсіпкерлер саны 2 544 бірлікке артқан. 64,2 мың бас мал басы сатып алынып, 19 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 16,4 га алқапқа 328 жылыжайлар салынған. Осы жобалар есебінен 30 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.
Осы көрсеткіштер негізге алынып, «Ауыл аманаты» бойынша Түркістан өңіріне бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныс берілді. Себебі, нақты іс, қозғалыс, ең бастысы, ауыл тұрғындары тарапынан қызығушылық бар. Болашақта осы жоба бойынша қаржы бөлу көлемі ұлғайса бұл бағыттағы жұмыс қарқыны арта түсетін болады. Ал, ол өз кезегінде өңірдің экономикалық қуаттылығының артуына септік етеді. Тиісінше қуатты өңір ел дамуының драйверіне айналмақ.