«АУЫЛ АМАНАТЫМЕН» КӘСІПТЕРІН ДӨҢГЕЛЕТУДЕ

0
75

Түркістан болысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсібін бастаған тұрғындарға, «Тұрғындардың өз кәсібін ашу» бағыты бойынша жеке кәсіпкерлікті бастаған азаматтарға да жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың өз кәсібін дөңгелентіп кетуіне, өнім өндіру көлемін ұлғайтуына әкімдіктер мен тиісті басқармалар тарапынан қолдау жасалып келеді. Соның нәтижесінде Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округіндегі наубайхана иесі, кәсіпкер Махина Муслимова 2023 жылы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының 6-шы бағыты арқылы 7 млн. теңге алып, наубайхана жұмысын бастаған. Наубайханада күніне 1600 дана бөлке нан шығарылып, дүкендерге өткізіледі. Қазіргі таңда кәсіпкер шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін шығаруда. Мұнда жергілікті 10 тұрғын жұмыс істейді. Кондитер иесі кәсібін кеңейтіп, жұмысшы санын екі есе арттыруды жоспарлап отыр.
Ал, Оранғай ауылдық окруінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалардың біріне жылыжай салынған. Жеке кәсіпкер Сейтходжаева Нигора бардарламамен 5 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, 0,80 гектар аумаққа жылыжай кешенін салған. Жылыжайда жылына 4 тонна қияр өнімі алынады. Кешені толық тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған.
Сонымен қатар аталмыш бағдарлама аясында 7 млн. теңге қаражат алып, іс бастаған жеке кәсіпкер Бахадир Исраиловтың ірі қара мал бордақылау алаңында да қарбалас жұмыс қызуда. «Рустамбек» шаруа қожалығы 3 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, егін шаруашылығымен айналысуда. Онда жылына 120 тонна бидай мен 100 тонна бақша өнімдері өндіріледі. Кәсіпкер ауыл тұрғындарына жер жырту және дәрілеу қызметтерін қатар көрсетеді.