ЖАҢА ЦЕХТАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

0
66

Мемлекетіміз өңірлердің экономикалық қуатын арттыру, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту арқылы ел дамуын қарқындата түсу мақсатында түрлі бағдарламалармен жұмыс істегісі, өз кәсібін ашқысы келген азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. Бұл бағдарламалардың қолдауын Түркістан облысының тұрғындары, оның ішінде Сауран ауданының азаматтары да сезінуде.
Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінің тұрғыны Бабир Насиров «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 5 млн. теңге алып, өз кәсібін бастаған. Жеке кәсіпкер бүгінде өндіріс орнын кеңейтіп, демалыс орындарына арналған үстел мен орындықтар, темір есіктер шығаратын «Абдусардар» цехын іске қосты. Жаңадан ашылып отырған цехтың аумағы 0,25 шаршы метрді құрайды. Жобаның жалпы құны – 300 млн теңге. Заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 3000-нан астам темір есік және үстел шығаруға қауқарлы.
Бүгінде 12 азамат жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 250-300 мың теңге. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды Өзбекстаннан алдыртады. Осылайша, отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.
– Жиһаз өндіру саласы қарқынды дамып, кәсіп жасаймын деген азаматтар мемлекет тарапынан әрдайым қолдау тауып келеді. Отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан-жылға елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл өнімімізге деген қажеттілікті арттырады. Осылайша біздің өнімдер сұранысқа ие болып, өз кәсібіміздің кеңейуіне жол ашылуда, – дейді жеке кәсіпкер.
Сол сияқты осы Оранғай ауылдық округінде «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех та ашылып, жұмысын бастаған.
«Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бұған дейін де өз кәсібін дөңгелетіп, жемісті жұмыс атқарып келеді. Аталмыш нысанның төрағасы Аброр Рысқұловтың айтуынша, қажетті құрал жабдықтарды Қытай Халық Республикасынан алып келген. Бүгінгі таңда цехта 25-30 адам тұрақты жұмыс істейді. Жалпы цехтың көлемі 1 гектарды құрайды.
Қазіргі таңда онда 12 түрлі құрғақ құрылыс қоспалары дайындалып, нарыққа шығарылуда. Күніне 30 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруде. Өндірістік кооперативтің өнімдерінің бағасы нарық бағасынан әлдеқайда төмен, бірақ сапасы айтарлықтай жоғары. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттыруда. Кәсіпкерлер алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын пайдалана отырып өнім көлемін 2 есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Сауран ауданында жиһаз өндірісі жақсы дамып келеді. Оранғай ауылдық округінде «RICH HOME FURNITURE» жиһаз цехы заманауи технологиялармен жабдықталған, жылына 500-ден астам үй жиһаздарын шығаруға қауқарлы. Экспорттың негізгі көлемі Орал, Ақтөбе сондай-ақ Қызылорда, Түркістан қалаларына жіберіледі.
Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды шетелден алдырылады. Жиһаздардың бірегей үлгісі Ресей, Түркия, Беларусь, Қытай және Италияның сапасы мен дизайны бойынша жасалынуда. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, цех өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.
Облыста шағын кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдаулар көрсетілуде. Бүгінде өңірде жиһаз кластерін дамыту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ол үшін арнайы жер телімдері бөлініп, жеңілдіктер мен қолдаулар қарастырылған. Аудан бойынша 2025 жылға дейін 61,4 млрд. теңгенің 102 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзеге аспақ. Сауранда 12 жиһаз цехын іске қосу жоспарда бар. Оның 9-ы жұмысын бастады.
Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Осыған орай жиһаз кластерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Облыста жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына қажетті жиһаздар отандық өндірушілерден сатып алынады. Бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес болып қосылады.