ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕ БІЛІМ САПАСЫ ЖАҚСАРАДЫ

Мемлекеттік бағдарламалардың бірі — «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуы еліміздегі білім сапасын көтерумен қатар үш ауысымдық, сыныптардағы балалар тығыздығы, орын жетіспеушілік сияқты бірнеше проблеманы шешеді. Сондықтан да
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Жайлы мектеп» жобасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруымыз керек. Әрбір мердігердің жұмысы бақылауда болуы тиіс. Тұрақты түрде кеңесіп, кездескен мәселелерді жедел шешіп отырайық. Мектептер мерзімінде дайын болуы қажет. Екіншіден, мектептерге білікті директорларды конкурс арқылы тағайындап, тәжірибелі, білімді ұстаздармен қамту жұмысын да жандандырыңыздар» деп жобаны өз бақылауына алып отыр.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектептің (2024 жылы – 29 мектеп, 2025 жылы – 34 мектеп) құрылысы жоспарланған. Жоба аясында республикалық бюджеттен 2023 — 2025 жылдар үшін 288,2 млрд. теңге қаралған. 63 мектептің жер телімдері бөлініп, «Самырұқ-Қазына» акционерлік қоғамының атына мемлекеттік актілері рәсімделген.
2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептін барлығының мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталған. Соның бірі Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебі.
Айта кетейік, аталған білім ошағы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қолға алынып, осы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жаңа мектептің техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге ұлғайтылып, робототехника кабинеттері, зертханалар, хореография залдары қарастырылып отыр. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталады. Жайлылық пен тиімділікті қаматамасыз етіп, мектепішілік кеңістік ыңғайлы болу мақсатында бастауыш сыныптар, орта, жоғары буын оқушылары үшін жеке блок жасалады.