«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕР» ҚҰРЫЛЫСЫ МЕРЗІМІНДЕ БІТУГЕ ТИІС

0
85

Мемлекеттің жарқын болашағы жастарға байланысты екендігін ескере отырып ел басшылығы жас ұрпақтың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске қосқан болатын Бұл Ұлттық жобаның мақсаты – апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою. Білім беру сапасын арттыру арқылы жан-жақты білімді де отаншыл ұрпақтың өсіп шығуына мүмкіндік жасау.
Ұлттық жобаны іске асыру барысында Түркістан облысында халықтың тығыздығын ескере отырып, 2023-2025 жылдары 63 білім беру нысанын, оның ішінде 2023-2024 жылдары 29 мектептің құрылысын жүргізу көзделген. «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептердің жоспарланған мерзімде пайдалануға берілуін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімде жобалар құнының қымбаттауына жол бермей, мектептер салуға арналған жобалау-сметалық құжаттамаларға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындыларын алуды қамтамасыз ету керек. Барлық нысандарда құрылыс қарқынын ұлғайтып, оларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуді жеделдеткен қажет. Сөйтіп, биылғы 1 қыркүйекке дейін 15 мектепті және жылдың сонына дейін 14 мектепті толық көлемде тапсыру қажет. Облыстық білім басқармасы жаңадан құрылатын мекемелер үшін жұмыс жүргізетін мектеп басшылығы, педагог кадрлармен және оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдауы тиіс.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмысты жандандыруға байланысты маусымда өткен басқосуда:
– Мектеп салу бойынша міндеттеме алған мердігерлер жұмысты уақтылы әрі сапалы атқаруы тиіс. Аудан, қала әкімдіктері мен жауапты басқармалар тарапынан инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетілсін. Кедергілер мен мәселелер болса, жасырмай айтыңыздар. Шешуге күш салайық. Бұл мектептер уақтылы тапсырылуы керек. Бізге құрылыс аяқталатын нақты мерзімін айтыңыздар. Жүйелі түрде жұмыс атқарып, құрылысты аяқтау керек. Білім ұяларын білікті басшылар мен ұстаздармен қамту да өзекті, – деген болатын.
Президенттің бақылауында тұрғанын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында
Түркістан облысында алдағы үш жылда 63 білім ошағы салынуға тиіс болса биыл соның 29-ы пайдалануға берілмек. Жоба үйлестірушісі — «Самұрық-Қазына» АҚ.
Сайрам ауданы, Ақсукент ауыл округінде де 600 орындық білім нысаны салынып жатыр.
Ақсу ауылында бой көтеріп жатқан мектептің құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Білім ошағын салуға 3,14 га жер телімі бөлінген. Ал ғимараттың ауданы 8 419,71 шаршы метрді құрайды. Жалпы Сайрам ауданы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салу жоспарлануда. Ақсукент ауылдық округіндегі мектептен бөлек, Ақбұлақ және Қарасу ауылдық округінде де 600 орындық мектеп бой көтереді. Ақбұлақ ауылындағы мектепті салуға жалпы көлемі 2.3 га жер телімі бөлінсе, Қарасу ауылындағы білім нысанына жалпы көлемі 4 га жер телімі қарастырылған.
«Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептердің құрылысы Сауран ауданында да жүріп жатыр.
Сауран ауданы, Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан елді мекенінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстарын «Ныш-Ер» ЖШС 2023 жылдың тамыз айында бастады. Жаңа ғимаратты биыл білім күніне дейін тапсыру көзделген. Жоба құны – 4,267 млн теңге. Жалпы ауданы 2,8 гектар жерді құрайды. Ал, ғимараттың жалпы ауданы – 8 419,71 м2.
Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс бар. Оқушылар саны 25 мыңнан асады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 5 мектеп жоспарланып, үшеуінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.