ҮЗДІК ОЛИМПИАДАЛЫҚ МЕКТЕПТЕР ҚАТАРЫНДА

0
51

«Балалар – болашағымыз» деп мемлекетіміз жас ұрпаққа лайықты тәлім-тәрбие, сапалы білім беру бағытында үздіксіз жұмыс жасап келеді. Мектептердегі білім беру сапасын, ұстаздар біліктілігін арттыру бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар көп. Соның арқасында көптеген білім беру ордаларында сапалы білім алған оқушылар өздерінің біліктілігімен пән олимпиадаларында жеңімпаз, жүлдегер атануда. Олар шын мәнінде еліміздің болашағы.
Сондай үздік оқушылары көп үздік білім орны Сауран ауданы білім бөліміне қарасты №1 жалпы білім беретін мектеп өз жұмысын 2022 жылы 31 наурызда 444 оқушымен бастаған. Қазіргі таңда мектепте 560 оқушы білім алуда. Білім ордасында шығармашыл, заманауи, білімді де білікті, еңбекқор да тәжірибелі мұғалімдер оқушыларды білім нәрімен сусындатып келеді. Мектеп жаңа әрі жас болғанына қарамастан мектеп бітірушілері қорытынды емтихандар нәтижесінде жоғары дәреже көрсетіп, жоғары оқу орындарының грант иегерлері атанып келеді.
Мектеп базасы заманауи құралдармен жабдықталып, онда түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Сонымен қатар, білім беру сапасын арттыру, білім беру ісін жаңа бағытта дамыту мақсатында инновациялық жобалар да өз нәтижесін беруде.
Бұл мектептің тағы бір ерекшелігі әрбір дарынды оқушының дамуы үшін қолайлы орта құру мақсатында олимпиада резервін дайындау жұмысы жолға қойылған. Соның нәтижесінде 2022-2023 оқу жылында 3 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жүлделі орын иеленсе, 1 оқушы – Гузал Исмаилова қазақ тілі және әдебиеті пәнінен республикалық кезеніңе қатысып, жүлделі ІІ орын иеленді.
Ал 2023-2024 оқу жылында 6 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жүлдегелер атанса, 1 оқушы – Дилафруз Низамова қазақ тілі және әдебиеті пәнінен республикалық кезеніңе қатысып, жүлделі І орынды иеленді.
2023-2024 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасы қорытындыланып, еліміздің 100 үздік олимпиадалық мектептер рейтингісі жасалды. Үздік олимпиадалық мектеп атану үшін республика бойынша 590 мектеп бақ сынады.
Олимпиада қорытындысы бойынша Сауран ауданы білім бөліміне қарасты №1 жалпы білім беретін мектебі 100 үздік олимпиадалық мектеп қатарына енді. Бұл жеңіс мектеп директоры Хамида Чалданованың қажырлы еңбегінің, мектеп мұғалімдерін және шәкірттерін жұмылдыра білген ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілетінің жемісі.