БАЛАЛАРҒА ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ САЛЫНУДА

0
84

Мемлекеттің ана мен баланы қорғау мен қолдау бағытындағы алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін ата-ана мен балаларына жайлы орта қалыптастыру мақсатында өңірде көптеген жұмыстар атқарылуда. Солардың қатарында қала мен елдімекендерде балалар ойын алаңшалары мен спорттық ойын алаңдарын салу да бар.
Түркістан облысының тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Облысқа қарасты Кентау қаласында балалар ойын алаңшасының құрылысы қарқын алды. Ойын алаңшалары қаладағы Шүлембаев № 8, 10 және Т.Рысқұлов № 5, 7, 9, «Шахтерская» көшелерінің аумағына салынуда. Құрылыс жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұдан бөлек, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 120,7 млн теңгеге 2 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына балаларға арналған спорттық ойын алаңшалары орнатылады. Сонымен қатар, қала аумағында 9 көпқабатты тұрғын үй аулаларына асфальт жабындысын төсеу және автотұрақтар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, биыл Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында демеушілер есебінен 2 балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді.
Жалпы, Кентау қаласында 56 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде, 33 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларына асфальт төсеу, балалар ойын алаңшасын орнату және абаттандыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Аталған жұмыстардың сметалық құны – 2,8 млрд тенге. Абаттандыруға қажетті қаржыны республикалық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылды.