ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

0
62

Мемлекеттің әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз ету ел азаматтарының өмір сүру деңгейінің көтерілуіне, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына, өңірлердің инфрақұрылымының дамуына зор әсер етеді. Сондықтан да аймақтардың басшылары өз өңірлеріндегі әлеуметтік мәселелерді шешуге жоспарлы және тұрақты кірісуі керек.
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы халықаралық әуежайды дамытудың жаңа жобаларын дайындауды тапсырды. Облыс орталығына қатынайтын бағыттарды көбейтіп, туризммен үйлестіруді міндеттеді. Әуежайдың логистикалық әлеуетін де арттырып, жүк тасымалын ұлғайту маңыздылығына тоқталды. Әуе жүк тасымалын ілгерілету – экспортты ұлғайтуға сеп. Әкім төрағалығымен өткен жиналыста Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту, әлеуетін көтеру жолдары талқыланды.
Онда әуежайды дамыту, табысы мен жолаушылар ағынын арттыруға бағытталған жұмыстар сараланды. Облыс әкімі замануаи әуежайдың мүмкіндігі мен әлеуеті әлі де толық қолданылмай отырғанын айтып, жауапты тұрғаларға тапсырма берді. Дамудың негізгі бағыттарының бірі – әуежай аумағында мульти-модальды логистикалық хаб құру.
– Өңірдің әлеуметтік — экономикалық дамуына оң әсер ететін жүйелі жұмыс керек. Әуежай да жаһандану үрдісінен қалмауы тиіс. Қазір тауарды жедел жеткізу әлемдік тенденцияға айналды. Транзиттік дәлізді дамыту өзекті. Сондықтан өзге елдердің тәжірибесімен танысыңыздар. Саланы ілгерілету арқылы бизнесті өркендетуге болады. Шетелдің ірі әуе компанияларымен байланысты нығайту керек. Осыған дейінгі берілген тапсырмалардың орындалуы әлі де әлсіз. Әуежай жұмысын туризм саласымен байланыстыра дамытқан жөн. Үндістан, Корея, Малайзия, Түркия, Ресей, Қытайға әуе рейстерін көбейтіп, саяхатшыларды тарту бағыты да ақсап тұр. Әуежайдың логистикалық әлеуетін де арттырып, жүк тасымалын ұлғайту қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан қаласындағы халықаралық әуежай тәуелсіздік жылдарында жаңадан салынған еліміздегі алғашқы әуе айлағы. Стратегиялық маңызы бар нысан заманауи үлгідегі инновациялық және технологиялық талаптарға сай. Жылына 3 млн. жолаушыға қызмет көрсете алады.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында 2021 жылдан бастап 3 жылда қоғамдық көліктер 100%-ға жаңартылды. Оның ішінде 2024 жылы 40 автобуспен толықты. Шаһарда 2020 жылы 21 бағытта 220 шағын автобустар қызмет көрсететін. Қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Бағыттарда 300-ге жуық жүргізуші қызмет атқарып, тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жолаушылар 2 тасымалдаушы мекемеге тиесілі, сыйымдылығы жоғары автобустармен тасымалданады. Олардың бірі «Жолаушы» ЖШС қала тұрғындарына сапа стандарттарына сәйкес қызмет көрсетеді. Автобустар заманауи үлгідегі видеокамералармен, дербес ауа баптағыштармен (кондиционер), электронды билет шығаратын құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда төлемді QR-код, SMS, «Халық банк», «Каспий банк», «Хоум кредит» қосымшалары арқылы жасауға болады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп-түсуіне қолайлы болуы үшін пандуспен жабдықталған, төмен табалдырықты автобустар қызмет көрсетуде. Олар қоршаған ортаға зияны жоқ Еуро-5 экологиялық стандарттарына сәйкестендірілген.
Осылайша облыс орталығы – Түркістан қаласында ел экономикасын көтеруге септік етер бағыттарда, оның ішінде әуе және автокөлік қатынастарын жақсарту бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.