ЖАРЫҚТАНДЫРУ МЕН ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

0
73

Елімізде халықтың әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық жағдайын жақсартуға ерекше мән беріледі. Мемлекет басшысының өзі бұл бағыттағы атқарылуға тиісті жұмыстардың бағытын белгілеп беріп, азаматтардың өмір сүру сапасы елдің экономикалық қана емес қоғамдық-саяси ахуалының да жақсаруының кепілі екенін атап айтқан болатын. Сондықтан да барлық аймақтар сияқты Түркістан өңірінде де бұл сала бойынша жұмыстар жоспарға сай жүзеге асырылып келеді.
Облыс орталығы мәртебесін иеленгелі Түркістан қаласының даму қарқыны күшейді. 2020 жылы шаһар көшелерінің 44,6% жарықтандырылған еді. Ал 2022-2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижесімен қала аумағындағы жарықтандыру көрсеткіші 80%-ды құрады. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы құрылысы жоспарланған 218 көшедегі жұмыстар аяқталған соң, қала көшелерінің жарықтандырылуы 95%-ға жетеді. Бұл шаһар тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен қаланы көрікті ету мақсатында жасалып отыр.
Сондай-ақ қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1050 жол белгісі орнатылып, 70-ке жуық көше, мектептер мен балабақшалардың жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. 39 орынның жасанды жол кедергілері жаңартылды. Жолдаушыларды заңсыз тасымалдаған қоғамдық көліктерге 25-тен аса хаттама толтырылды. Өйткені, жолаушылардың көлікпен жол жүргенде жайлы жағдайда болу мен жол апатына ұшырап қалмауы маңызды.