БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ НАЗАРҒА АЛЫНҒАН

«Жас ұрпақ – болашақ» ұраны жалаң сөз ғана емес. Себебі мемлекетіміз жас ұрпақтың білім алуы мен тәрбие-тәлім алуына ерекше көңіл бөлумен қатар балалардың жазғы каникулдарын өздеріне жайлы да қызықты, сапалы да танымдылыққа тол етіп өткізуіне мүмкіндік жасап отыр.
Түркістан облысында 2024 жылы 30 балаларды жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетуде. 998 мектеп жанындағы лагерлерде 320 641 бала қамтылды.
Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 35 434 бала бюджет есебінен тегін жазғы сауықтырумен қамтылса, 20 мыңнан аса бала ата-аналарының есебінен ақылы демалады. «Қазақстан халқы қоры» есебінен 3421 бала тынығады. Бүгінгі таңда лагерлерде 25 696 бала демалды. Жазғы демалыс 20 тамызға дейін жалғасады.
Демалысты ұйымдастыру жөніндегі облыстық штаб құрамы бекітілген. Штаб өкілдері мен білім басқармасының, білім бөлімдерінің қызметкерлерімен жазғы сауықтыру қызметін ұсынған лагерлердегі балалардың жай-күйі, қауіпсіздігі мен жазғы демалыстың ұйымдастырылуы назарға алынған. Аптасына екі рет мониторинг жасалуда.
Жазғы сауықтыру барысында балалар түрлі бағыттағы танымдық, мәдени, шығармашылық, спорттық шараларға тартылуда. Сондай-ақ әр ауданнан 10 баладан 170 бала Бәйдібек, Отырар, Төлеби, Түлкібас, аудандары мен Түркістан қаласындағы туристік орындарға саяхатқа барды және 50 бала Астана қаласына барады деп күтіліп отыр.
Ал, Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы Дәулет Акатов «Машат-Арасан» сауықтыру орталығындағы оқушылармен еркін форматта кездесу өткізді. Жүздесу барысында бөлім басшысы жеткіншектермен пікір алмасып отырғанына қуанышты екенін айтып, бүгінгі жас ұрпақ қандай болуы керектігі туралы ой қозғады.
Кездесуге жазғы сауықтыру орталығындағы балалар қатысты. Оқушылар бөлім басшысымен түрлі тақырыпта пікір алмасып, диалог өрбітті. Еркін форматта сұқбат жүргізді.
Айта кетейік, биыл «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық жобасы аясында Сарыағаш ауданының 300 оқушысына «Машат-Арасан» оқу-сауықтыру орталығына жолдама берілді. 11 маусымда 2 ауысым бойынша 100 бала жазғы тынығу лагерінде демалса, қазіргі таңда, 21 маусымнан басталған 3-ауысымда 100 бала тынығуда. Алдағы 4-ауысымда да 100 бала демалады деп жоспарланып отыр.