ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА САҚАДАЙ САЙ БОЛУЫ ТИІС

0
112

Мемлекет тарапынан жас ұрпақтың жан-жақты болып, білімі мен тәрбиесі, денсаулығы мен жазғы демалысы, жалпы шыныққан дені сау да білімді, отаншыл болып өсуі мәселесіне үздіксіз көңіл бөлінеді. Балалар жазғы каникулға шыққанда олардың жаз бойы жақсы да жайлы лагерлерде демалып, көңіл көтеріп, шынығып, танымын көтеріп оралуына барлық жағдайлар жасалды. Үш айлық каникул да белортадан ауып келеді. Бұл кезде аймақ, аудандар мен қалалар басшылығы жас ұрпақтың оқу жылы басталғанда жарық та жайлы мектепте білім алуларына толық мүмкіндік жасауды жүзеге асырады.
Сарыағаш ауданда екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы Арман Абдуллаев жаңа оқу жылына дайындық аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Жартытөбе ауылдық округінде орналасқан Б.Гафуров атындағы №35 жалпы білім беретін мектебінің, сонымен қатар, Дербісек ауылдық округіндегі Елшібек батыр атындағы №22 жалпы білім беретін мектептеріне арнайы барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Мердігер мекеме мамандары өкілдерімен бірге ауданның білім бөлімінің басшысы Д. Ақатов жөндеу жұмыстары туралы баяндады. Білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтаған аудан әкімі күні бүгінге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарын саралады. Жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап, жаңа оқу жылына дейін барлық шаруа мүлтіксіз орындалуы керектігін атап өтті.
– Біз үшін әр сәт қымбат. Екі апта алдын келгенімдегі көрініс көп өзгермеген. Жоспарланған уақытта балалар мектепте білім алуы үшін жұмыс қарқынын арттырыңыздар, құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтіңіздер, – деген аудан әкімі білім бөлімінің басшысына тапсырмалар берді.
Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтіп жатқан Жартытөбе ауылдық округіндегі Б. Гафуров атындағы №35 білім ұясында және Дербісек ауылдық округінде орналасқан Елшібек батыр атындағы №22 мектепте ғимарат шатырын жабу, ішкі сылақтарын жүргізу, электр жүйелерін жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар аталған білім беру ордаларының есіктері, едендері, шатырлары, жылу жүйелері ауыстырылады. Әжетхана мен қоршаулар жаңарады. Ішкі және сыртқы әрлеу, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Күрделі жөндеу жұмыстарын тамыз айында аяқтау жоспарланған. Яғни жаңа оқу жылына мектептерді күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, оқу ордалары оқушыларды қабылдауға сақадай сай болуы тиісті.