ОТБАСЫНЫҢ БІРЛІГІ – ОТАНЫМЫЗДЫҢ БЕРІКТІГІНІҢ КЕПІЛІ

0
65

Мемлекеттің барлық жағынан қарқынды дамуы үшін оның азаматтары, оның ішінде негізін құрайтын ұлттың отаншылдығы, ұлттық рухы биік болуы керек. Ол үшін ұлттық идеологиялық саясат арқылы ұлттық салт-дәстүрлер, ұлттық тарих, ұлттық әдет-ғұрыптар арқылы қазақстандықтарды, оның ішінде жас ұрпақты отбасылық құндылықтарға тәрбиелеумен тұрақты айналысу қажет. Бұл мемлекеттің іргетасының беріктігімен қоса ел болашағының жарқындығын қамтамасыз етудің басты жолдарының бірінен саналады. Сол себепті де осы бағыттағы жұмыстар елімізде, оның ішінде Түркістан облысында да жүйелі іске асырылып келеді.
Түркістан қаласында салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Ене мен келін» сайысы өтті. Қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ұйымдастыруымен өткен шараға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ ауданынан 6 отбасы қатысты.
Сайыстың мақсаты – еліміздегі әрбір шаңырақтың тату-тәтті, үлгілі болуын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосу. Жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасын көпке үлгі ету. Ұлттық салт-дәстүрімізге сай ене мен келін шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі екендігін ұғындыру.
Анасы мен қызындай сыйласқан қатысушылар ұмыт болып бара жатқан «Құрсақ шашу» тойы, «Қазанжарыс», «Тымаққа салу», «Қырқынан шығару», «Тұмар» сияқты салт-дәстүрлерімізден көріністер көрсетіп, сөз шеберліктерін танытып, мақал-мәтел айтудан жарысқа түсті. Сондай-ақ шебер қолдарымен кесте тігіп, қолөнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Ұлттық нақыштағы киім үлгісімен отбасылық өнер көрсетіп, сыйластығымен ерекшеленген қатысушылар арасынан жоғары ұпаймен жүлдеге ие болғандар марапатталып, оларға сыйлықтар табысталды.
Жиында сөз алған облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлмайымбетов бүгінгі сайыстың маңызы жоғары екенін атап өтіп, отбасының бірлігі – Отанның беріктігі екеніне тоқталды. Қазыналы қариялар мазмұнды әңгімелерінде ел боламыз десек бесігімізді түзеп, жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру қажеттігін айтып, әрбір шаңыраққа бақытты, берекелі ғұмыр тіледі.