ӘКІМ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗІП, ОРЫНБАСАРЫ БІЛІМ ОРТАЛЫҒЫН АШТЫ

0
73

Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының деңгейін көтеріп, елдімекендердегі әлеуметтік нысандардың саны мен сапасын арттырып, барлық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету мемлекетіміздің басты міндеті болып саналады. Сонда халықтың жағдайымен бірге елдің жағдайы да жақсарады. Мемлекет бұл бағытта көптеген бағдарлама, жобаларды қабылдап, жергілікті жерлерде іске асыруда. Президент айтқандай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде аймақ, өңір басшылары тұрғындармен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып, азаматтарды жеке қабылдаулар жасау арқылы олардың талап-тілектерін, сын-ескертпелерін, ұсыныс-өтініштерін тыңдап білу және оларды жүзеге асырып орындау арқылы азаматтардың өмір сүру жайлылығын арттыруға қол жеткізіледі.
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауда тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге байланысты тиісті бөлім мен мекеме басшылары қатысып, қойылған сұрақтарға өзектілігіне қарай жауап берді.
Аудан әкімінің қабылдауына 14 азамат тіркелген. Тіркелген тұрғындардың өтініші мен ұсынысының дені тұрғын үй мәселесі, жер телімі, жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайы мен денсаулығы бойынша көмек, ауыз су, көшеге асфальт төсеу секілді бірқатар мәселелер бойынша болды.
Қабылдауға келген тұрғындардың сұрақтарын егжей-тегжейлі қарап шыққан аудан басшысы кейбір мәселелерді әкім аппаратының жауапты қызметкерлері мен аудандағы мекеме басшыларының құзырына белгіленген уақыт мерзімінде орындауды тапсырды.
Жас ұрпақтың білім мәселесіне де ауданда үнемі көңіл бөлініп келеді. Сол күні ауданда «Ғаламат Грант» білім беру орталығы ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов қатысып, білім беру мекемесінің жұмысына сәттілік тіледі.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Мектеп бітіруші оқушылардың білім деңгейін көтеріп, өзін үздіксіз шыңдай түсуі үшін осындай орталықтардың тиімділігі жоғары. Білімді, саналы, сыни ойлайтын, шығармашыл, әлемдегі өзгерістерге бейім, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті, өз ұстанымы бар тұлға қалыптастыру бағытын ұстанған орталықтың келешегі мен мүмкіндіктері көп деп санаймын. Ендеше аудандағы білім сапасының жақсаруына қызмет ететін орталық мамандарының жұмысына сәттілік тілеймін», — деді.
Айта кету керек, «Ғаламат Грант» білім беру орталығында 12 педагог қызмет етеді. Орталықтың негізгі міндеті ҰБТ қорытындысының нәтижелі болуына ықпал жасау, түлектердің білім деңгейін жоғарылату, өздігінен білім алуға және алған білімдерін тиімді пайдалануға дағдыландыру болып табылады.
Жалпы Отырар ауданында 2023-2024 оқу жылында 824 оқушы мектеп бітірген. Олардың 704-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп, түлектердің 67-сі «алтын белгі», 96-сы оқушы – «Үздік аттестат» иегері атанған.