БАҒДАРЛАМАЛАР АРҚЫЛЫ АУЫЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРУДА

0
79

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барды. Алдымен, аудан басшысы  мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған  ауыл тұрғындары Марина және Нұрсұлтан Бостановтардың тігін цехының жұмысымен  танысты. Кәсіп иесі 2023 жылдың желтоқсан айында «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен 2,5 пайыздық несие  алып, қаржыға арнайы тігін машинасын, киім пішу столын және керекті тігін құрал-жабдықтарын  сатып алып, кәсібін кеңейтуде. Жас шебер тапсырыспен ұлттық нақыштағы киімдер, қыз жасауларын және басқа да қажетті дүниелерді тігумен айналысып, кәсібін дөңгелетуде.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты, адал және тұрғындардың игілігіне пайдалану басты мақсат екенін, кәсіпкерлер қатарының артуы елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсілдерінің бірі екенін тілге тиек еткен аудан әкімі көпбалалы ананың ісіне сәттілік тілеп, қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін жеткізді.
Келесі кезекте  аудан басшысы Жаңаарық елді мекенінің көшелеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын пысықтады. Бақылау барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев жолаушылар және автомобиль жолдары бөліміне және жауапты мердігер мекеме өкіліне жауапкершілікті сезіне отырып асфальт төсеу жұмыстарын мерзімінде атқаруды тапсырып, ендігі жұмыс аптасында қайта келіп бақылайтынын жеткізді.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жемісті ауылдық округіне арнайы сапары барысында Жемісті  және Тың елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жұмыстарының жай-жапсарымен танысты
Жемісті елді мекеніндегі бой көтеріп жатқан дәрігерлік амбулаторияның бүгінгі таңда, ішкі әрлеу жұмыстары бітіп, есік-терезелері толығымен қойылған. Сонымен қатар, сыртқы әрлеу және ғимараттың ауласына асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, керекті медициналық құрал-жабдықтар орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Тың елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары да толығымен аяқталып, қазіргі таңда,  нысанға қажетті медициналық құралдар-жабдықтар тасымалданып, жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
— Бүгінде аудан аумағында көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында, дәрігерлік амбулатория құрылысына басымдық берілуде. Тұрғындар орталыққа бармай-ақ алғашқы медициналық көмекті осы дәрігерлік амбулаториядан алулары үшін барлық арнайы кабинеттер сапалы медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуы қажет, -деді аудан басшысы.
Айта кетсек, медициналық нысан іске қосылған соң бір ауысымда 25 азаматқа медициналық алғашқы көмек көрсете алатын болады. Сондай-ақ, Дәрігерлік амбулаторияда стоматологиялық, акушерлік және арнайы узи кабинеттері қарастырылған. Бұл осы аталмыш қызметтерді алу үшін енді бұл ауыл тұрғындары ешқайда да сабылып шаршамайды деген сөз. Яғни елдімекен тұрғындарының өмір сүру жайлылығы артып келеді.