ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ТОЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚПЕН БАСТАЛУЫ КЕРЕК

0
108

Мемлекет тарапынан жас ұрпақты сапалы білім мен саналы тәрбиемен заман талабына сай келетін ұрпақ етіп тәрбиелеуге ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының пәрменімен балабақшадан бастап мектеп, ота және жоғарғы оқу орындарындағы білім беру сапалы болып, білім алушылар әлемде білімі жағынан озық елдермен бәсекеге қабілетті болуы тиістігі айтылды. Сол себепті де орта білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттік жоба арқылы жайлы мектептер салынып, озық методикалармен, ғылым жетістіктерімен, жетілдірілген құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы жеткіншектердің білікті де білімді болып мектеп бітіруіне жағдай жасалуда.
Жаңа оқу жылына дайындық барысына да баса назар аударылуда. Түркістан облысы, Төлеби ауданында білім беру мекемелерінің ғимараттары жаңартылады. Бүгінде 68 мектептің біреуінде жаңа ғимарат құрылысы жүргізілсе, 3 білім ошағы ғимаратында күрделі жөндеу, 43-де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бірінші мамыр ауылдық округі Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық мектебінің құрылыс жұмыстарының бүгінгі таңда 90 пайыздан астамы жүргізіліп, 2024-2025 оқу жылының басына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Мердігер мекеме «Дос и К сервис» ЖШС. Құны 925 млн теңге. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы. Сондай-ақ, Көксәйекте аудандық саз мектебі ғимараты құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылына толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
«Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында ауданда 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Олар: Қосағаш елдімекенінде 300 орындық, Көксәйек елдімекенінде 600 орындық, Достық елдімекенінде 900 орындықты мектеп ғимараттары. Бұл мектептің үшеуі де 2024 жылдың соңына пайдалануға беріледі деп көзделген. Оған қоса, Қостөбе шағын жинақты, Қазақстан, Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектептерінің ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Төлеби ауданындағы жалпы білім беру мекемелерінің саны – 126. Оның ішінде 68 мектеп, 56 балабақша, 4 мектептен тыс мекеме, аудандық оқушылар үйі, аудандық саз мектебі, қалалық балалар саз мектебі, көркемсурет мектебі бар.
Төлеби ауданы әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралып, орындалу барысы талқыланды.
Аудан мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев баяндады. Бірінші мамыр ауылдық округі Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық білім ошағының, Көксәйек елді мекеніндегі аудандық саз мектебінің құрылысы аяқталуға жақын. «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында ауданда 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Қостөбе шағын жинақты мектебі, Қазақстан, Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден, 43 білім ордасы ағымдағы жөндеуден өтуде. 2024-2025 оқу жылына жалпы саны 87841 дана оқулыққа тапсырыс беріліп, 68 мектеп интернетпен 100% қамтамасыз етілген.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мансұр Ашрапов баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, 2024 жылдың 6 айының кіріс бөлігі нақты 2 млрд 519 млн теңгеге, қала, ауылдық округ әкімдіктерінің кіріс жоспары 187,9 пайызға немесе 276 млн 583 мың теңгеге артығымен орындалған. Бюджеттің шығысы 1 шілдеге жоспар толығымен жүзеге асты. Өндірілген өнім көлемі 6 айда 27 млрд 864 млн теңге. Тартылған инвестиция көлемі 13,8 млрд теңге. Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының Төлеби ауданы бойынша нысаналы индикаторлардың декомпозициясының орындалуы барысы талқыланды.
Ветеринария саласында атқарылған жұмыстар барысымен «Төлеби аудандық ветеринариялық қызмет» МКК басшысы Керімжан Оңланбаев хабарлады. Ауданның санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы бойынша Ақерке Еркінбекова баяндады.
Мәжіліс күн тәртібінде қаралған әрбір өзекті мәселе бойынша аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Жаңа оқу жылына дайындық барысында құрылысы жүріп жатқан, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім ошақтарының құрылыс жұмыстарын уақытылы және сапалы аяқтауды тапсырды.