ӨЗІМІЗГЕ ҚАЖЕТТІ ЗАТТЫ ӨЗ ӨҢІРІМІЗДЕ ӨНДІРУІМІЗ КЕРЕК

0
56

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес, Созақ ауданы тұрғындарымен кездесті. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Сонымен бірге өңірдің дамуы, Созақ ауданының дамуы жөнінде ой қозғады.
– Біздің бағытымыз – өндірісті дамыту. Өзімізге қажетті заттарды өз өңірімізде өндіруіміз керек. Әрбір аудан, қала әкіміне инвестиция тартып, өндіріс орындарын ашу туралы тапсырма берілді. Бұл жұмыстар қадағаланады. Ауыл инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылуда. Былтыр осы жоба арқылы Созақтағы 7 елді мекенде 14 жоба жүзеге асты. Спорт кешені салынып, 20-ға жуық көше орташа жөндеуден өткізілді. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 210 жоба қаржыландырылды. Оған 1,2 млрд. теңге қаралды. Созақ ауданында өңірлік өнім көлемі 2021жылдан бері 46 пайызға өсіп, былтыр 665 млрд. 342 млн. теңге жетті. Жұмыс қарқыны бәсеңдемейді, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауданда атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Есепті кезеңде аудан экономикасына 118 млрд. 495 млн. теңге инвестиция тартылды. «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып, олар 88 млн. 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. «Шолаққорған ауылының «Ақшам» және «Наурыз» мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» жобасына қаржы бөлініп, 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Ауданда газбен, электр қуатымен қамту, әлеуметтік нысандар салу жұмысы жалғасып жатыр.
Жиында облыс әкімі мен басқарма басшыларына бірқатар міндет жүктеп, ауданды дамыту жұмысын ширата түсуді тапсырды. Ал тұрғындар облыс әкіміне өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді қозғады. Одан кейін Дархан Сатыбалды тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Кездесу мен жеке қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі.
Сонымен бірге облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында бірқатар құрылыс алаңдарын аралады. Жауапты сала басшыларына құрылыс барысы бойынша тапсырмалар берді. Өңір басшысы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық мектептің құрылыс алаңында болып, мердігерлермен құрылысқа қатысты туындаған мәселелерді талқылады. Қазір мұнда ішкі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс басында 140 адам бар. Білім ошағы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қолға алынып, биыл пайдалануға беріледі, деп күтілуде.
Облыс әкімі сондай-ақ жеке инвестор тарапынан саланып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Жаңа қалашықта 2 пәтерлі 36 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Әр пәтердің аумағы 70 шаршы метрден асады. Жалпы жобаның құны 561 млн. 600 мың теңге. Жаңа баспаналар үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға беріледі.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Шолаққорған ауылындағы «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылыс алаңында болды. Жоба құны – 1 млрд 845 млн теңге. Спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы талапқа сай жабдықталмақ.
Осылайша облыс басшысы аудандағы жұмыс сапары барысында бірқатар салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді. Атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын арттыру бағытында нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Өйткені, әр ауыл, әр ауданның дамуы арқылы өңірдің және еліміздің қуаты артады.