ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ МЕН МЕТРОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтың ілеуметтік-экономикалық дамуының қарқынын көтере түсу үшін барлық басқармалар мен мекемелердің басшылары мен жауапты мамандарының жауапкершілігін арттырып, өз міндеттерін дұрыс орындап, кездесетін кедергілерді жойып, алдын алып отыруды үнемі тапсырып, талап етіп келеді. Өңіріміздің жан-жақты әрі қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін барлық салаларда заң талаптары сақталына отырып, жоспарлы жұмыстар мен алға қойылған міндеттердің орындалуы қамтамасыз етілуі керек.
Таяуда облыста жер қойнауы пайдалы қазбаларын барлау мен өндіру ісімен айналысатын кәсіпкерлермен жиын өткізілді.Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссияның отырысы өтті. Оған комиссия мүшелері онлайн және офлайн форматта қатысты. Ал жиынға облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шоңбасов төрағалық етіп, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің мәселелері қаралды.
Жиынға жалпы облыс бойынша жер қойнауын пайдаланатын 11 кәсіпорын өкілдері қатысты. Қаралған мәселелер қатарында пайдалы қазбаларды жылдық өндіру көлемін ұлғайту, жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті ауыстыру және кен орнында құмды қиыршық тас өндіруге арналған келісімшартты қайта рәсімдеу сынды сұрақтар бар.
Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан түрлі түйіткілді мәселелер көтеріліп, комиссия мүшелері оларды шешудің жолдарын түсіндірді. Айта кету керек, бүгінгі таңда Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 195 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 111 лицензия негізінде жұмыс істейді.
Жиын қорытындысы бойынша хаттама түзіліп, құжаттары талапқа сай кәсіпорындар өздерінің өндіріп отырған өнім көлемін ұлғайтуға сарапшылық комиссияның оң қорытындысын алды.
Сондай-ақ, облыста техникалық реттеу мен метрология мәселесіне қатысты ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Әсет Төребаев брифинг өткізді.
Спикердің сөзінше, департамент тарапынан 2024 жылдың І-жартыжылдығында 198 тексеру іс-шарасы жүргізілген. Оның ішінде 197 жағдайда заң бұзушылықтар анықталып, айыппұлдардың жалпы соммасы 15 301 494 тенгені құраған. Одан бөлек, бақылау субъектілеріне бармай 260 профилактикалық бақылау жүргізіліп, барлығында бұзушылықтар анықталып нұсқама берілген. Сондай-ақ, техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді сатуға тыйым салу туралы 6 қаулы шығарылған. Басқа мемлекеттік органдармен 49 бірлескен тексерулер жүргізіліп, 19 нысанға 8 831 264 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, бағалы металлдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сатушыларға 67 профилактикалық бақылау жүргізілген.
Айта кетсек, облыстағы сауда орындарында жүргізілген профилактикалық бақылау барысында 35 сауда базарының 4-і метрологиялық тексеруден өткізіліп, қалған 31 субъектіге бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар жіберілген.
Жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды өндіруде заңдылық, экологиялық талаптарды сақтау мен техникалық реттеу мен метрология бойынша техникалық регламент талаптарын сақтау мен заңдылықтарды бұзбау облыстың экономикасын қарқынды дамуына септігін тигізіп, заңсыздықтар мен жолсыздықтарды болдырмауға көмектеседі. Сонда облыстың қуаты артып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсара түседі.