ТМД ЕЛДЕРІ ТУРИСТІК КЕҢЕСІ ӨТТІ

0
45

Өңірлердің қарқынды дамуын, экономикасының жоғарылай түсуін қамтамасыз ету үшін барлық салаларды дамыту жолдарын қарастыру қажет. Өйткені қай бір саланың қарқынды дамуы сол өңірдің дамуына белгілі деңгейде үлес болып қосылады. Сондай саланың бірі – туризм болып табылады. Таяуда өткен ТМД мемлекеттерінің туристік кеңесінің басқосуында Түркістан облысының туризм саласының жауаптылары өңірдің туристік әлеуетін таныстырды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев пен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының директоры Серікболсын Сандыбаев Қырғызстанда өтіп жатқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің туристік кеңес отырысына қатысты.
Кеңес барысында туризм саласындағы жаңа тенденциялар, ТМД құрамына кіретін мемлекеттер арасында бірлескен халықаралық туристік іс-шаралар ұйымдастырып, күнтізбе жасау, 2025 жылға жұмыс жоспары және ТМД елдерінің туристік индустрия қауымдастығы мен бірлескен жұмыс алаңын құру мәселелері талқыланды.
Кеңестің мақсаты – мемлекеттік органдар, ұлттық және өңірлік туристік ұйымдар, фирмалар, кәсіпорындар және халықаралық туристік ұйымдар арасында туризм саласындағы тең құқылы және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту.
Нұртас Кәріпбаев өз сөзінде туризм – экономикалық өсім мен мәдени алмасудың маңызды бөлігі екенін айтып өтті. «ТМД аясындағы ынтымақтастық – барлық қатысушы мемлекеттердің туризм саласында жаңа мүмкіндігін ашады» деген ойын білдірді.
Түркістан облысының туристік әлеуеті аталған кеңес отырысы аясында өткен жәрмеңкеде кеңінен таныстырылды. Киелі Түркістан өңірінде туризмнің барлық салаларын дамытуға мүмкіндіктер бар және олардың көбісі бойынша жоспарлы жұмыстар жылдар бойы атқарылып келе жатыр. Алдағы уақытта іс-шаралар күнтізбесіне бірлесе атқарар жобаларды енгізу жоспарға қойылды.