ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯ СУДЫ ҮНЕМДЕП, МОЛ ӨНІМ АЛУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

0
60

Еліміздің, оның ішінде әрбір аймақ, қала, аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамуы су мәселесіне де қатысты. Өйткені, әлем бойынша бүгінде жетіспеушілігі байқалған су ресурстарын үнемшілдікпен тұтынуға жұртшылықты дағдыландырып, озық технологияларды енгізу арқылы ағын суды үнемдеп, алатын өнімінің сапасы мен санын арттыруға қол жеткізу бүгінде басты міндеттердің біріне айналды. Сондықтан да, су мәселесі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей назарынан тыс қалған емес. Қала, аудан басшылары да осы бір өзекті мәселені бақылауында ұстайды.
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы таяуда ағын су мәселесіне байланысты ауылдардағы жағдайлардың жайын білу мақсатында бірнеше ауылдарда болып, жағдайды көзбен көрді. Аудан басшысы жұмыс сапарымен Қарақоңыр ауыл округіне барып, алдымен Бестораңғыл ауылындағы «Шәуілдір бас тоспасын» көріп, мамандармен шаруаларға ағын су жеткізу мәселесін талқылады. Аудан басшысы Бадам және Қара аспаннан келетін болжамдық су көлемін бақылауға алып, қажет кезінде шаруаларға су жеткізуді реттеп отыруды жауапты сала мамандарына тапсырды.
Мұнан соң аудан әкімі «Green Farm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаруашылығында болып, заманауи технологияның игілігін көрген кәсіпкермен кездесті. Шаруашылық төрағасы Сейітжаппар Ахмет 10 гектар жерге жаңбырлатып суғару техгологиясын қолдану арқылы арпа, бидай еккен. Бүгінде шаруа дайын өнімді жинап алып, орнына мал азығына қажетті түркиялық «Пи» және «Сорго» жоңышқа сортын егіп отыр. Кәсіпкер болашақта егіс көлемін ұлғайтып заманауи әдісті қолдану арқылы қосымша 40 гектар жерге күздік бидай егуді жоспарлап отырғанын айтты.
Шаруашылықтың алдағы жоспарларымен танысқан аудан әкімі кәсіп иесінің жұмысына оң бағасын беріп, қажет болған жағдайда кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Заманауи технологияның көмегімен ағын суды үнемдей отырып егістік алқапты игеруге болатынын өзге де шаруаларға дәріптеп, жаңа әдісті қолдану арқылы мол өнім алуға болатыны жайында кеңінен ақпараттандырудың маңыздылығын атап өтті.
Мұнан соң аудан әкімі «Р1» және «Құлан» каналдарын аралап, шаруалармен ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Р1 каналының Отырар ауданындағы бөлігі 11,3 шақырымды құрайды. Бүгінде егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының тапсырысымен аудан аумағындағы бөлігін бетонмен қаптау жұмыстары жүргізілсе, қалған Ордабасы ауданындағы бөлігінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған жұмыстар толық аяқталса жергілікті жердегі 5 мың гектарға жуық жерлерді ағын сумен толық қамтамасыз ету мүмкіндігі болады деп күтілуде.
Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан әкімі көтерілген мәселенің маңыздылығын айта келе, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, «Құлан» каналын тазалау жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру керектігін айтып, сала басшыларына бақылауға алуды тапсырды.
Одан әрі Шілік ауылдық округіндегі Шаян қашыртқысындағы бас тоспаны көріп, ауыл округіндегі ағын су мәселесімен танысты. 2008 жылы салынған тас тоспадан сыйымдылығы секундына 30 куб/м су өтеді. Ұзындығы 11 км құрайтын қашыртқыдан суғарылатын жер көлемі 1489 гектар.
Аралау барысында қашыртқының Ордабасы ауданы мен Отырар ауданындағы бөлігінде белгіленген ағын су тарифін реттеу мәселесі айтылды. Аудан әкімі аталған мәселені жан-жақты саралап, заң аясында тиісті жұмыстар атқаруды жауапты сала басшыларына тапсырды.