КЕНТАУЛЫҚ ШАРУА ОТАНДЫҚ ӨНІМ ӨНДІРУГЕ ҮЛЕС ҚОСУДА

Еліміздің үкіметі Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін орындау үшін, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын қосу мақсатында барлық салалар бойынша мемлекеттік бағдарламалар дайындап, олар аймақтарда отандық өнім өндіруге тың серпін беруде. Ауыл шаруашылығы саласында да мемлекеттік қолдау мен жеңілдіктердің арқасында кәсібін дөңгелентіп, өнім өндіруде табыстарға жетіп жүрген шаруалар аз емес.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылы егіншілікке бейім аумақ саналады. Ауыл тұрғындары бос жатқан жерлерге егін егіп, отандық өнім түрлерін өндіруге үлестерін қосып келеді. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен отандық өнім өндірушілер мен жеке кәсібін ашып жұмысын жүргізіп жатқан шаруалар мен ауыл тұрғындарының істері алға басуы үшін, оларға тиесілі үкімет тарапынан жасалатын жеңілдіктер мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін көмек пен қолдаулар жетуі үнемі назарда. Соның арқасында бүгінде шаруашылығын аяқтан нық тұрғызып, аудан экономикасына үлес қосып, жергілікті бюджетке салық төлеп отырған шаруалар Кентау қаласына қатысты ауылдарда да аз емес. Атап айтсақ Кентаулық «Эрмет ата» шаруақожалығы егіннің бірнеше түрімен айналысуды қолға алған.
Шаруақожалық 2006 жылдан бері жұмысын жалғастырып келеді. Биыл 6 га жерге бау-бақша, 4 га жерге бидай, 5 га жерге жоңышқа, 2 га жерге жүзім, 5 га жерге қарбыз еккен. Барлығы тамшылатып суғару әдісімен өсірілуде. Егістік алқаптардағы дақылдар пісіп, өнімдер дайын болған кезде бірқатар ауыл тұрғындары уақытша жұмыспен қамтылды. Шаруақожалықтың иесі Әлішер Эрметұлының айтуынша, жеміс ағаштарының көшеттерінің басым бөлігі Өзбекстан елінен әкелініп, осында жерсіндіріліп, көбейтілуде.
— Шаруашылықпен айналысу оңай емес. Қажет шараларды жасап, мол өнім алуға еңбектенудеміз дейді, — шаруа иесі Әлішер Эрметұлы.
Бүгінде жиналған өнімдер Кентау, Түркістан қалаларынан бөлек, басқа да аудан-қалаларға тасмалдануда.