АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРДЫ САРАЛАДЫ

0
70

Сарыағаш аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округіне арнайы барып, облыстық маңызы бар КХ-49 автомобиль жолының бойындағы жаңа көпірдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылыс алаңында аудан әкімі жауапты мердігер мекеме өкілімен, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы «Зах-Келес» өндірістік бөлімшесінің басшысы А.Полатов, аудандық су шаруашылығының бөлімінің басшысы Н. Алданазаров және ауыл әкімі С.Спатаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М. Доспулов және ауыл ақсақалдарымен кездесіп, көпірдің құрылыс жұмыстарының барысын талқылады.
Аудан басшысы халық игілігі үшін салынып жатқан көпір болғандықтан, құрылыс компаниясының өкілдеріне пайдаланылған құрылыс материалдарының сапасына айрықша мән беріп, нысанды белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтауды тапсырды.
Айта кетсек, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Сарыағаш пен Қазығұрт ауданын жалғайтын облыстық маңызы бар КХ-49 автомобиль жолының су өткізгіш құбыры орташа жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда, құрылыс нысанында 3 көзді диаметрі 820 мм су өткізгіш құбыры орналасқан. Бұл құбырлар судың өткізу қабілетін төмендетіп, су тасқынының алдын алуға кедергі келтіруде. Осыған орай, қолданыстағы су құбырлары ауыстырылуда.
Сондай-ақ, аудан әкімі Арман Абдуллаев Көктерек ауылдық округінде болып Дархан елді мекеніндегі егістік жерлерді ағын сумен қамтамсыз ететін Құлтума каналының жағдайымен танысып, өзекті мәселелерді пысықтады.
Осы ретте, шаруалар тарапынан Құлтума каналынан тармақтанып шығатын каналды қазып беру бойынша өтініштер мен ұсыныстар түскен болатын. Аудан басшысы шаруалардың өтінішін назарға алып, аталған каналды қазып беру бойынша су шаруашылығы мекеме басшысына және ауылдық округ әкіміне нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, техника жүретін жолды ашып беру қажеттігі бойынша жеке кәсіпкерке ескерту айтты.
Жұмыстарды саралаған аудан әкімі суғару маусымы барысында егістік жерлерге қажетті суды толық жеткізіп беру қажеттігін қатаң ескертті.
Аудан әкімі жұмыс барысымен Дарбаза ауылдық округ аумағын да аралады. Аралау барысында ауылдық округ әкімі аудан басшысына атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Алдымен, аудан басшысы Дарбаза елді мекенінде жеке кәсіпкер Б.Салимов тарапынан салынып жатқан 300 орындық спорт кешенінің құрылысы жұмыстарының барысын бақылады. Спорт кешенінің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, қазіргі таңда, ғимаратқа ішкі әрлеу, шатырын жабу, жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан соң, спорт нысанында жабық футбол алаңы, бокс, күрес, шахмат, үстел теннисі және басқа да спорт түрлерінен үйірмелер ашу көзделген.
Аралау барысында аудан әкімі атқарылған жұмыстарды саралай келе мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін ескертті.
Одан соң, аудан басшысы Дарбаза ауылдық округіне қарасты Бейбітшілік және Құрманғазы көшелеріндегі жарықтандыру жұмыстарын жаяу аралап, бақылады. Аталған көше бойларына жарықтандыру бағаналары, сонымен қатар, Дарбаза елді мекенінің орталық көшелері Бейбітшілік және Жабай ата көшелері бойына бейнебақылау камералары орнатылған. Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар сапалы әрі белгіленген мерзімінде орындалса аудан халқының әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық жағдайы жақсара түспек.