АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУ ЖҰМЫСЫ ЖҮРУДЕ

0
64

Еліміздің ауылды аймақтарын дамыту деңгейін көтеру, ауыл азаматтарын оның ішінде жастарын жұмыспен қамту, ауылды жерлерге озық технологияларды енгізу мақсатында үкімет тарапынан ондаған бағдарламалар мен жобалар қабылданып жүзеге асырылуда. Дегенмен, ауылдықтар, әсіресе, жастар жағы сол бағдарламаларды жетік білмегендіктен белсенділік таныта алмай жүр. Түркістан облысында осы мәселені ескере отырып, жастармен жан-жақты түсіндіру, бағдарламаларды насихаттау бағытындағы жұмыстар атқарылуда.
Мәлесен, Сайрам ауданында ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану, оларды қоғамдық ортаға тарту, мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізуге бағытталған «Жастарға бағыт» жастар керуені аясында Қарамұрт ауылының тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалар насихатталып, ақпараттық брошюралар таратылды. Сонымен қатар, тұрғындарға суда шомылу қауіпсіздігі туралы ақпараттар берілді. Және қауіпсіздік ережелері таныстырылып, арнайы брошюралар таратылды.
Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен ауыл жастарына арналған «Жастарға бағыт» жастар керуені бастау алды. Алғашқы болып Қарамұрт ауылына барған керуен Сайрам аудандық «Мансап орталығы» мамандарымен бірлесе отырып, ауыл жастарымен кездесу өткізді.
Басқосу барысында жастарға арналған Мемлекеттік бағдарламалар мен қолайлы мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпараттар берілді. Кездесу соңында мамандар жастардың тарапынан туындаған сауалдарға толыққанды жауаптар берді.
«Жастарға бағыт» жастар керуені аясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Қарамұрт ауылында жалғасын тапты. Тазалық акциясы барысында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мамандары мен Мансап орталығы мамандары, «Жастар рухы» жастар қанаты, аудандық «Аманат» партиясы өкілдері және аудандық «Қоғамдық келісім» мекемесі мамандары мен ауылдың белсенді жастары Қарамұрт ауылындағы Жаныс баба кесенесі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сайрам аудандық «Жастар Ресурстық Орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің және Сайрам ауданы Полиция басқармасы ювеналды полиция тобы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, аудан жастары мен жасөспірімдері арасында «Түнгі рейдтік жедел профилактикалық іс-шарасы» өткізілді.
Рейдтік іс-шара нәтижесінде, түнгі мезгілде мекен-жайларынан тыс жерде жүрген кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аталмыш рейдтік іс-шара жұмыстары алдағы уақытта тұрақты түрде өз жалғасын табатын болады.