ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРЫ АСЫРА ОРЫНДАЛДЫ

Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын беру үшін маңызды талаптардың бірі – халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықпен күрес. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 393,4 мың қазақстандық қатысты. 293,5 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 143,6 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 149,6 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 13,5 мың адам, жастар практикасында 14,7 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 97,8 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 6,7 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 258 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 16,7 мың адам жұмыспен қамтылды.
Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 39,9 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 36,1 мыңы оқуды аяқтады.
Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 49 мың адам қамтылды, оның ішінде 36,1 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.
Қызмет саласын таңдау мақсатында 134,6 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.
Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 9 мыңнан астам грант беру көзделген. Жылдың басынан 4 361 грант берілді.
Міне, республика бойынша атқарылып жатқан осындай жұмыстарда Түркістан облысының да үлесі бар. Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен «Өңірдің жұмыспен қамту картасы» аясында биыл 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында 68,5 мың адам жұмыспен қамтылып, қазіргі таңда жоспар 58%-ға орындалды. Бұл туралы брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
«Жыл басынан 31 мың адам тұрақты жұмыс орнымен, 37,5 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орнымен, 1 500 адам Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар бойынша ашылған жұмыс орындарымен қамтылды. Бұдан бөлек, жаңа бизнес жобаларды іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың 1-2 легінде 5 388 адамнан өтінім түсіп, комиссия шешіміне сәйкес 1 783 адамға грант берілді. Сондай-ақ, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдаймен 14 160 отбасыға, яғни 84 860 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда аз қамтылған азаматтардың саны 41,9%-ға төмендеді. Облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 13,4 млрд. теңге бөлінді. Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған 12 орталық бар. Оның ішінде, 4 стационарлық үлгідегі және 6 жартылай стационарлық үлгідегі мекемелер,«Ардагерлер үйі» мен «Арнаулы кәсіптік колледжі» бар, — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша биыл жеті айда Түркістан облысынан 165 отбасы қоныс аударған. Бұдан өзге, жыл басынан облысқа 588 этникалық қазақ қоныс аударып, оларға «Қандас» мәртебесі берілген. Оның ішінде: Өзбекстаннан 570, Тәжікстаннан 10, Ресейден 3, басқа мемлекеттерден 5 адам келген.
Ал, Сайрам ауданы Мансап орталығы және Жастар ресурстық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп, «12 тамыз — Халықаралық Жастар Күніне» орай аудан жастарына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Аталған жәрмеңкеде «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ә.Төлегенов пен Мансап орталығының директоры А.Қазанқапов, аудандық мәслихаттың депутаты Д.Анартаев және Сайрам ауданының ауданаралық мәжбүрлетіп орындату аумақтық бөлімінің басшысы Е. Киргизов жұмысқа жүгінген жастарға ауданда 24 жұмыс берушіден 68 бос жұмыс орны бар екенін атап айтты.
Жастар арасында жұмыссыздықты азайтуға бағытталған жәрмеңкеге жалпы 43-ке жуық жас қатысып, оның ішінде, 22 жасқа «Жастар практикасы», бағдарламасымен жолдама берілді.
«Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелері алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.