ОТАНШЫЛДЫҚ ПЕН ЕҢБЕКҚОРЛЫҚҚА БАУЛИТЫН ШАРАЛАР ӨТТІ

Мемлекетіміздің жастар саясатын жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі олардың отаншылдық қасиеттерін ояту мәдени-рухани шаралар арқылы жүзеге асырылады. Ұлттық тарих, қазақ халқының рухын көтеретін ақын-жазушыларымызды, еңбек үздіктерін насихаттау арқылы жастардың бойына отаншылдық қасиеттер, туған жерге, елге сүйіспеншілікті оятумен қатар еңбеқорлыққа баулиды. Түркістан облысында осы бағыттағы көптеген іс-шаралар жоспарлы түрде, әртүрлі даталы күндерге байланысты өткізіліп келеді. Сондай шаралар аймақтағы қала, аудандардағыдай Төлеби ауданында да өткізілуде.
Биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушы-композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 179 жыл толды. Осы орайда «Абай» аллеясында ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтары қойылды. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, тілегін білдірді. Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Абайды оқимыз» жыр фестивалі ұйымдастырылып, онда оқырмандар ұлы ақынның өлеңдерін, қара сөздерін жатқа оқып, әндерін орындады. Сондай-ақ, «Абайдың махаббат лирикасына 130» тақырыбында кітап көрмесі безендірілді. Жиын соңында үздік оқырмандарға алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар жастарды еңбекке баулу, еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматтарды құрметтеу, марапаттау, жас ұрпаққа үлгі ету арқылы жүргізілуде. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Құрылысшылар күніне орай өңірдің құрылыс саласындағы майталмандарына құрмет көрсетіліп, салтанатты жағдайда марапаттау рәсімі өтті. Жиында аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, сала ардагерлері мен мамандарына алғыс хат табыстады.
– Құрылыс саласы ерекше қарқынмен дамып келеді. Жылдан жылға жаңа ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың көбейіп келе жатқаны құрылысшылардың еңбегі. Сондықтан, сала мамандарының барлығын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз –деді Лесбек Әуезханұлы.
Төлеби ауданында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «ZhastarFest» атты гала-концерт өтті. Мерекелік шарада аудан әкімі аппаратының басшысы Жорабек Жолдасбеков, Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев аудан жастарын айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ ауданымыздың үздік, белсенді жастарына аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Аудандық мәдениет үйі алаңында өткен концертте елімізге танымал өнерпаздары мен жастар еліктейтін атақты жұлдыздары өнер көрсетіп, аудан тұрғындары мен қонақтарына қызықты, көңілді кеш сыйлады.
Екі-үш күн мұғдарында өткен Абайды ұлықтау, Еңбек адамдарын марапаттау, жастар күніне орай өткізілген іс-шара мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша жасалған жұмыстар. Бұл іс-шараларға ауданның жұртшылығымен қатар жастары да тартылуының өзі жас ұрпаққа өнеге боларлық іс. Мұндай рухани-мәдени шаралар аудан жұртшылығын, жас ұрпақты туған жерді сүйіп, ел дамуы үшін еселеп еңбек етуге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынын арттырып, байлығына үлес қосуға ынталандырады.