«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Мемлекет еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарта отырып, азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруді мақсат етеді. Әлеуметтік салада өмір сүру деңгейі төмен, мемлекеттің көмегіне мұқтаж жандарға да түрлі бағдарламалар мен тұжырымдар, шешімдер арқылы көптеген жеңілдіктер, көмектер көрсетіліп отырады. Сондай мемлекеттік қолдаудың бірі көпбалалы, мұқтаж отбасылардың балаларын мектепке дайындау, яғни мектеп формасы, оқулықтар алу, басқа да оқуға қажетті құралдарын алуға қаржылай көмектесу. Мемлекеттің мұқтаж отбасыларға бұл қолдауын қоғам болып қолдау белең алуда. Жеке кәсіпкерлер, ірілі-ұсақты бизнес компаниялары, кейбір ұжымдарда да осы бастама қолдау тауып отыр. «Мектепке жол» акциясы жыл сайын бірінші тамыздан басталады.
«Мектепке жол» акциясы тамыз айының басында Түркістан облысында да бастау алып, барлық өңірлерде жалғасып жатыр. Акцияны қала, аудандардың әкімдіктері, қоғамдық ұйымдар, бизнес қауымдастығы жекелеген азаматар да қолдап отыр. Таяуда Түлкібас ауданының орталығындағы «Менің Түлкібасым» аллеясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы шеңберінде көтерме бағада мектепке қажетті заттардың жәрмеңкесі өтуде.
Жәрмеңкеге Шымкент қаласының «Автонұр» базарының саудагерлері өз тауарларын тұтынушыларға ұсынуда.
Бұл жерде жейделер (көйлек) 2 мың теңгеден, спорттық аяқ киім мен туфлилер 2-5 мың теңгенің арасында, 12 парақтық дәптерлер 10 теңге, сөмкелерр 3-5 мың теңгеден және т.б. мектепке қажетті киім-кешек пен құрал-саймандар сауда орталықтары мен базар бағасынан едәуір арзан бағада саудалауда.