ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ МЕН ЖАЛАҚЫНЫ УАҚТЫЛЫ ТӨЛЕУ МАҢЫЗДЫ

0
58

Мемлекетіміз ел болашағы саналатын жастардың жан-жақты білімді, еңбекке қабілетті болып өсуіне барлық жағдайды жасап келеді. Жастар өзі қалаған мамандығын алған соң олардың жұмыспен қамтылуына да ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе, жастардың селтеңдеп бос жүруіне, қолы бостықтан түрлі теріс жолдарға түсіп, қылмыстық әрекеттерге баруына жол бермеу шаралары қатағ қарастырылады. Бұлардың алдын алудың ең тиімді жолы – жастарды жұмыспен қамту болып табылады.
Түркістан облысында осы бағыттағы жұмыстар барлыө аймақтарда жоспарлы түрде өткізіліп келеді. Таяуда Сарыағашта жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету және арнаулы орта оқу орындарына бөлінген мемлекеттік гранттар туралы жастарды ақпараттандыру, NEET санатындағы жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге қатысушыларға Сарыағаш ауданындағы Қапланбек жоғары аграрлық- техникалық колледжі, Арыстанбаб жоғары колледжі, 12 колледжі, Сарыағаш көпсалалы колледжіндегі мемлекеттік гранттар туралы оқу орын өкілдері ақпарат берді және мансап орталығы тарапынан аудандағы бос жұмыс орындар тізбесі ұсынылып, “Сарыағаш жер сыйы” ЖШС, «Халық Банкі», Жастар ресурстық орталығы сынды мекемелер жәрмеңкеге қатысып, тұрғындарға бос жұмыс орындары туралы ақпарат берді.
Қосымша мәлімет алу үшін сарыағаштық жасөспірімдер мен жастар аудандық Жастар ресурстық орталығы және Мансап орталығына жүгінулеріне болады.
Мемлекеттің жастарды ғана емес басқа да ересектер мен әйел азаматтарды да жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік бағдарламалары іске асырылып, жұмыссыздар жұмыспен қамтылып жатыр. Бірақ, сол жұмысқа құлшына кіріскен адамдардың айлық жалақыларын уақытылы ала алмай пұшайман қалға ұшырайтын кездері де кездесіп отырады. Сондықтан мемлекет тарапынан азаматтардың еңбекақысын уақытылы және келісілген мөлшерде толық алып отыруын үкіметтік мекемелер тарапынан бақылау жолға қойылған.
2024 жылдың 6 айында облыс бойынша 4 кәсіпорында 358 қызметкер алдында 102,2 млн теңге жалақы қарызының орын алғаны анықталды. Жұмыс берушілерге нұсқамалар беру арқылы 84,8 млн теңгесі өндіріліп, 280 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды. Бұл туралы брифгинте Түркістан облысының бақылау жөнінде басқарма басшысының орынбасары Берік Ибадуллаев мәлімдеді.
«2024 жылдың 6 айында азаматтардан келіп түскен 683 арыз-шағым қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарға 134 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 242 заң бұзушылық анықталды. Анықталған еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 23,6 млн теңге көлемінде 776 хаттама толтырылып айыппұл салынды. Одан бөлек, соңғы алты айда жұмыс барысында жарақат алу бойынша 23 жағдай орын алып, 7 адам қаза тапқан. Жазатайым оқиғалардың орын алуға байланысты 22 іс-құжат жергілікті құқық-қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар, 2024 жылы облыс аумағында ешқандай да еңбек дауы орын алмады. Алайда әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін болған 157 кәсіпорын анықталып, олармен белгіленген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындарға тұрақты түрде облыстық еңбек инспекторлары мониторинг жұмыстарын жүргізуде» — деді спикер.
Еңбек дауларының дер кезінде шешіліп, алдын алынуы мен айлық жалақылардың уақтылы төленуін қамтамасыз ету қоғамдағы сілкіністерден, әлеуметтік шиеленістерден, азаматтардың әуре-сарсаңға түсуінен сақтап, қоғамдық ахуалдың қалыпты болуын қамтамасыз етеді. Қалыпты қоғамдық қатынастар елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына септік етеді.