БЮДЖЕТ ПЕН РУХАНИЯТҚА АРНАЛҒАН БАСҚОСУЛАР ӨТТІ

0
61

Қайбір мемлекеттің экономикалық дамуы ел қазынасына түсетін салықтың ауқымына байланысты екені белгілі. Сол сияқты облыс, қала, аудандардың да экономикалық дамуы бюджетіне түсетін салықтар, қосымша кіріс көздеріне байланысты болады. Сондықтан да аудан басшылары бюджетке түсетін салық түсімдері мен қосымша кірістерді қадағалап, олар бойынша жоспардың орындалуын мұқият назарда ұстайды.
Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Әліповтің төрағалығымен «Жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау бойынша» жұмысшы топтың кезекті отырысы өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, тиісті сала және дербес бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібінде 2024 жылдың 6 айында өндірілген қосымша кіріс көздері және 2024 жылдың соңына дейін жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің күтілімді орындалуы, ауылдық округтегі мүлік және көлік салықтарының берешектерін өндіру, қосымша кіріс көздерін анықтау, 2023-2024 жылдары іске қосылған инвестициялық жобалардан түскен салық түсімдері, аудандағы кәсіпкерлік нысандары орналасқан жерлерге түгендеу жүргізу, мемлекеттік сатып алу шеңберіндегі мердігерлерді заң шеңберінде ауданға тіркелуін қамтамасыз ету туралы мәселелер қаралды.
Басқосу барысында аталған тақырып төңірегінде жауапты басшылардың баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, туындаған сауалдарға тиісті тұлғалар тарапынан жауаптар берілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы ауданның жергілікті бюджетінің кірістер бөлігін арттыру мақсатында, аталған іс-шара жоспарларына сәйкес, тиісті жұмыстарды тиянақты атқаруды тапсырды. Сондай-ақ, жүргізілген жұмыс нәтижелері жайлы мәліметтерді жан-жақты жинақтап, тиісті бөлімдерге өз мерзімінде сапалы, толық көлемде ұсыну қажеттігін қатаң ескертті.
Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов сондай-ақ, ауданда өткен мәдени-рухани іс-шараға да қатысты.Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне арналған «Абай даналығы» атты іс-шарада әкім орынбасары жиналған аудан тұрғындарын айтулы мерекелік күнімен құттықтап, сөз сөйледі. Өз кезегінде, ұлы ағартушының шығармашылық мұрасын шәкірттерге кеңінен дәріптеу және кемеңгерлік кеңестерін күнделікті қолдану керектігіне тоқталды. Себебі, бұл олардың бойындағы білімін арттыра отырып, толыққанды тұлға ретінде қалыптасуының бірден-бір баспалдағы саналатынын атап өтті. Ал толыққанды тұлға болып өскен жас ұрпақ елдің дамуына өзінің білімімен, кәсіби біліктілігімен, іскерлігімен, отаншылдығымен белсенді түрде үлес қосатын болады.
Бүгінгі жас буын үшін үлгі-өнегелік, мазмұны мен мәні бөлек мерекелік кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әйгілі ақынның әндерін айтып, өлеңдерінен үзінділер оқыды. Бұдан бөлек, көрермендер назарына «Бала Абай», «Дара Абай» және «Дана Абай» атты сахналық көріністер ұсынды.
Мемлекет басшысы үнемі айтып келе жатқандай жас ұрпақты адамгершілік қасиеттерге, еңбексүйгіштікке, заманауи білімге ұмтылуда, отаншыл етіп тәрбиелеуде ұлттық рухымызды оятатын мәдени-рухани бағыттағы іс-шараларды насихаттау маңызды. Сондықтан да, ел экономикасы қарыштап дамуы үшін халықтың, оның ішінде жас ұрпақтың, әрбір азаматтың ұлттық тамырымен жалғастығы, дәстүрдің озығын, ұлыларымыздың жақсы қасиеттерін бойына сіңіруі маңызды. Сонда ғана мемлекет тек экономикалық жағынан ғана емес рухани жағынан да тең дамып Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті, қарқынды дамушы елдердің сапына қосылады.