АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ, ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА МАРАПАТ ЖАСАЛДЫ

0
61

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында Қазақстанның қарыштап дамуы үшін, саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қалыпты болып, өмір сүру деңгейі жоғарылау үшін халқымыздың ұлттық дәстүрлеріндегі адамгершілік, адалдық, еңбексүйгіштік, үлкенді сыйлау, адал еңбекті лайықты бағалау сияқты қасиеттерді қоғамымызда алдыңғы қатарға шығарып, халықтың бойына соны сіңіру қажеттігін айтқан. Еңбек адамына жан-жақты құрмет жасалуы жас ұрпақтың еңбекке көзқарасын дұрыс қалыптастырады. Сондықтан да соңғы кездері қарапайым мамандық иелері мен еселі еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіліп келеді.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың ұйымдастыруымен зейнет жасындағы 30 еңбек ардагері Астана қаласына саяхат жасауға аттанды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековтың бастауымен сапарға шыққан азаматтардың арасында бастауыш ардагер ұйымдарының төрағалары, ауған соғысының ардагерлері, көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасы иелері бар. Қызылқұм тыңын игеру кезінде түрлі салада тер төгіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлер қауымы арқа төсіндегі ару Астананы тамашалап қайтпақшы. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев ардагерлерді шығарып салуға арнайы барып, ақсақалдарға ақ жол тіледі. Астанаға тегін саяхат ұйымдастырып, ақсақалын құрметтеген аудан әкіміне ардагерлер алғыстарын айтты.
Тамыз айының екінші жексенбісі — Құрылысшылар күні болып бекітілген. Осыған орай, ауданымызға көптеген жылдар бойы еңбек сіңірген ардагер құрылысшы тұлғалар мен еңбек етіп жүрген құрылысшыларға құрмет көрсетілді. Аудан әкімі аппаратынының үлкен залында аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев құрылысшыларға облыс және аудан әкімінің, сондай-ақ, мәслихат хатшысының атынан салтанатты түрде Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырып, ыстық лебізін білдірді.
Адамзат дамуындағы ең қастерлі мамандықтың бірі –құрылысшы мамандығы болып табылады. Өйткені, құрылысшы өндіріс, ауыл шаруашылығы әлеуметтік салада, денсаулық пен білім саласы, әкімшілік, мәдени-рухани нысандар, ең аяғы адамдардың баспанасын да салып, пайдалануға беруші. Ағни ауыл, қаладағы қандайда бір нысан құрылысшының құрыш қолды білегімен тұрғызылған. Сондықтан да, оларға көрсетілген құрмет олардың абыройын көтерумен бірге жас ұрпақтың осы мамандықты таңдауына да септік етеді.
Құрылысшыларға арнаған сөзінде: «Ел дамуы үшін ең алғашқы қажетті мамандықтың бірі ол – құрылысшы мамандығы болып табылады. Әсем ғимараттар мен көз тартатын сәулетті орта қалыптастыру құрылысшылардың қолымен жүзеге асатын үлкен іс. Осында отырған әрбіріңіз ауданымыз бен еліміздің өркендеуіне мол үлес қосып келесіздер. Сіздерге әрқашан шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық, барша бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Баршаңызға мың алғыс» — деді Б.Шомпиев.