ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ЕЛ БІРЛІГІНЕ АРНАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ

0
81

Мемлекеттік идеология мен ұлттық құндылықтары жоқ мемлекеттің болашағы да жоқ. Сондықтан да, Президентіміз әрдайым қазақстандықтардың ынтымағы мен бірлігі арқылы Қазақстан Республикасының қарыштап дамуына, бәсекеге қабілетті дамыған елдердің қатарына қосылатынымызға сенім білдіріп келеді. Көпэтносты Түркістан облысында да облыс тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын нығайта отырып әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге жетуді мақсат еткендіктен жыл сайын ұлттық құндылықтарды, халық бірлігі мен этностар арасындағы түсіністікті қалыптастыру бағытында көптеген шараларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі облыстық «Өнерлі өлке» фестивалі.
Биыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осыған орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өз жалғасын тауып отыр. Этноауылда ашылу салтанаты өтіп, көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
Аудан-қалалардың өнер ұжымдары алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, кезекпен келіп, өнерлерін көрсетеді. Ал аптаның сенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында әрбір аудан, қала мерекелік Гала-концерт дайындап, көрермендерге ұсынады. Гала-концертте халық шығармашылығының жанрлары: ән, би, күй, айтыс, көркемсөз оқу, жыр-терме, цирк, сатира, хор, оркестр, вокалды-аспаптар мен отбасылық ансамбльдер, фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер, театрландырылған қойылымдар болады.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтетін фестивальдің басты мақсаты – мәдениет пен өнерімізді дамыту және жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеп, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.
Айта кетейік, фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған көркемөнерпаз ұжымдары және әншілердің қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады. Маусым-қыркүйек айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтеді.
Алғаш болып фестиваль шымылдығын Сайрам ауданының көркемөнерпаздары ашқан болатын. Содан бері кестедегі кезегіне сәйкес аудандар Түркістан қаласында өздерінің өнер мерекесіне арнаған мәдени күндерін өткізіп келе жатыр. Өткен аптада киелі Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Арыс қаласының мәдени күндері түңлігін түрді. Екі күнге созылған бағдарлама ұлттық құндылықтарға толы болды.
Іс-шара Этноауыл кешенінен бастау алды. Мұнда келушілер Арыс қаласының қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдаудың арқасында грант алып, кәсібін ашқан азаматтар өз туындыларын ұсынды. Ашық аспан астындағы көрмеге Арыс қалалық музейі де қаланың терең тарихынан паш ететін жәдігерлерді ұсынды. Ал суретшілер мен мүсіншілердің туындылары келушілерді ерекше тәнті етті.
Әрі қарай Этноауыл аумағында арыстық өнерпаздар мен Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бай салт-дәстүрімізді насихаттайтын керемет шаралар көрініс тапты. Мұнда ақ жаулықты әжелер тулақ тарту, текемет басу, «төркіндету», «қалау» секілді ғұрыптарды насихаттап, Түркістан жұрты мен келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Арыстың дархан халқы түркістандықтар мен қала қонақтарына ұлттық тағамнан дәм ұсынып, нағыз қазақы қонақжайлық көрсетті. Ал мерекелік кештің көрігін қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен ардагерлер ансамблі қыздыра түсті. Қазіргі таңда белең алып келе жатқан көше театры да көптің қызығушылығын тудырды.
Мың бұралған арыстық бишілер мен күміс көмей әншілер ән-биден шашу шашып, өнерпаздар сахналық қойылымдар қойды. Осылайша, Арыс қаласының Түркістан қаласындағы мәдени күндері ашық деп жарияланды.
Арыс қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі 300-ге жуық өнерпаздың басын қосып, түркістандықтар мен қала қонақтарына өз өнерлерін паш етіп жатыр.
Мерекелік концерттік бағдарламалар легі жалғасып, оның аясында түрлі мерекелік іс-шаралар өтті. Этноауылда ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылып, «Керуен сарай» кешенінде арыстық өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Арыстықтар осылайша түркістандық жұртшылыққа екі күн бойы ұлттық құндылықтарға толы мерекелік көңіл-күй сыйлап, рухын көтерді.