ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҮНДЕУ ҚАБЫЛДАДЫ

0
59

Мемлекеттік деңгейдегі көңіл аударарлық проблеманың бірі –жол-көлік оқиғасы апаттарынан зардап шегушілердің қатарының өсуі. Бұл барлық аймақты алаңдатқан мәселе. Соған байланысты созақтықтар аудандық әкімдікте жол-көлік оқиғасының алдын алу бойынша жиын өткізіп, халыққа үндеу жолдады.
Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында жол-көлік оқиғасының алдын алу бағытында жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбарасы Ақәділ Сатыбалды, аудан прокуроры Ержан Қожабеков және тиісті бөлім басшылары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында аудан прокуроры Ержан Қожабеков соңғы уақытта аудан көлемінде жол көлік оқиғасының жиі орын алып отырғанына тоқталды. — Қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары, оның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының артуы, көлік қозғалысының көбейуі мен жауапсыз көлік жүргізушілері адам өміріне қауіп тудыратын жағдайларға әкеліп отыр. Жол қозғалыс оқиғасы өздігінен туындамайды. Ол қозғалыс ережелерінің қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады- деді. Оның алдын – алу бағыты бойынша тапсырмалар жүктеді. Аудандық полиция бөліміне жол ережесін сақтау талаптары бойынша тиісті шаралар ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбарасы Ақәділ Сатыбалды жол көлік оқиағасының алдын алу үшін халық арасында түсіндіру жұмысын ұйымдастыруды қолға алудың қажеттілігіне тоқталды. Тиісті бөлімге тапсырма беріп, жол көлік оқиғасының алдын алу бойынша кешенді шаралар атқару келісілді.
Қазіргі таңда жол көлік оқиғаларының жиілеуі қайғылы жағдайларға әкеліп соғуда. Сондықтан да, барлық автокөлік жүргізушілерді жолда мұқият болып, жылдамдықты асырмай, жол ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.
Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірлі жерлестер!
Қазіргі таңда көпшіліктің алаңдатып отырған өзекті мәселе жол-көлік оқиғаларының көбеюі болып отыр. Бұл оқиғалардың көбісі адамдардың жарақат алуына, өліміне алып келуде.
Жол-көлік оқиғаларынан қанша бала ата-анасыз жетім қалды?! Қанша ата-ана баласынан айырылды?! Ал, құдай қағып, аман қалды дегенің өзінде қаншасы арбаға таңылды?! Өкінішті.
Адам өліміне алып келетін апаттардың көбі жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс арттырып, жол ережелерін сақтамаудан туындап жатады. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне автокөлік санының өсуі, жолдың жағдайы, жүргізушілердің тәртібі де әсер етуде.
Әрине, автокөліктердің көбейгені — халықтың әл-ауқатының жақсарғандығының көрінісі, алайда, көлік тізгіндегеннің барлығы темірдей тәртіпке бағынуы тиіс. Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпке бағынған құл болмайды».
Жасыратыны жоқ кейбір көлік жүргізушілері жол ережелеріне атүсті қарайды. Көпшілігі жылдамдықты шамадан тыс арттырып, кейбірі қарсы бетке шығып кетіп жатады. Сондай-ақ, жүргізушілер жол бойындағы белгілерге назар салып, оның ережелерін сақтамайды.
Көлік жүргізушілер жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 % кемиді. Ал мектептер мен тұрғын үйлердің маңында 20 км/с-қа дейін азайту қажет. Алдыңғы орындықта қауіпсіздік белдігін қолдану адам шығынын 50 % азайтатынын зерттеулер дәлелдеген. Ал артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75 % дейін болдырмайды. Сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіздік құрылғылары балалардың жол-көлік оқиғасынан қаза табуын 54-80 % дейін тежейді.
Ендігі жерде жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін жүргізушілер жол ережелерін қатаң сақтауы керек. Сондай-ақ, көліктің техникалық бақылаудан өтуін назарда ұстаған абзал. Жол-көлік оқиғаларына жол бойында бей-берекет жүретін төрт түліктің де қатысы аз емес. Сондықтан мал егелерінің де қолға ұстаған төрт-түліктеріне ие болып, қадағалап отыруға міндетті.
Қазіргі кезде ата-аналар балаларына «Мопед» мотоциклдерін алып беруде. Бұл көлік те жол-көлік оқиғаларының көбеюіне ықпалын тигізуде. Балаларының бір сәттік қуанышының соңы өкінішке алып келуде.
Сайып келгенде жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін септігі тиер деген мақсатпен аудан жұртшылығына осы үндеуді арнап отырмыз.
Созақ ауданының әкімдігі,
Созақ аудандық прокуратурасы,
Созақ аудандық полиция бөлімі.