ОТАНДЫҚ ӨНІМ ӨНДІРУ – ӨҢІРДІҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы жолдаулары мен үкіметтің алдына қойған міндеттерінде отандық өнім өндіруге мән берілуін, өндірілген өнімнің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін әр өнім өндіруші кәсіпорын озық технологияларды енгізуге тиістігін айтып келеді. Соған орай аймақтардың басшыларына да осы бағыттағы міндетерді жүктеп отыр. Өңірлердің басшылығы осы міндеттерге сай жұмыстар атқарып, отандық өнім өндіру көлемін ғана емес сапасын да арттыруға көңіл бөлуде.
Өңірлердің қарыштап дамуына отандық өнім өндіруші кәсіпорындардың қосып отырған үлестері мол. Түркістан облысында да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлестерін қосып келе жатқан кәсіпорындар бар. Түркістан облысының әкімі Сайрам ауданында орналасқан сондай бір-екі өндіріс орындарында болды.
Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы зауыт жылына 20 мың тонна құбыр шығарады. Зауыт ауылдық жердегі 33 адамды жұмыспен қамтып отыр. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына арнайы іссапармен барып, полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты.
Жоба құны 2000,0 млн. теңгені құрайтын «ЮКЗПТ» зауыты 2015 жылы ЖШС «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында іске қосылған. Бүгінде кәсіпорын өнімдері елімізде сұранысқа ие. Бұл зауыттың өнімдері байтақ республикамыздың барлық аймақтарына жөнелтіледі. Алдағы кезде кәсіпорын өнімдерін халықаралық стандарттарға сай, бәсекеге қабілетті өнім ретінде таяу, алыс елдерге де ұсыну қажеттілігі көрініп тұр.
«ЮКЗПТ» зауыты Қазақстандағы сумен жабдықтауға және газбен жабдықтауға арналған полиэтилен құбырларының, сондай-ақ технологиялық ұңғымаларға арналған қаптама құбырларының ірі өндірушісі болып саналады. Өндірісте ғылыми-зерттеу нәтижелерінің ең маңызды жетістіктері қолданылуда. Мұнда диаметрі 50 миллиметрден 600 миллиметрге дейінгі ПЭ-100 маркалы полиэтилен су құбырлары, диаметрі 50-630 мм аралығындағы ПЭ-100 маркалы полиэтилен газ құбырлары шығарылады.
Одан соң облыс әкімі Әйтеке би ауылында орналасқан «KASPY GROUP» ЖШС-нің машина жасау және металл құрастыру зауытын аралап көрді. Зауытта өндірілген өнімнің қуаттылығы жылына 2000,0 тоннаны құрайды. 2018 жылы іске қосылған кәсіпорында ауыл шаруашылығы техникасы және ірі кәсіпорындардың құрылыс жабдықтары шығарылады. Мұнда 60-тан астам адам жұмыс істейді. Сонымен бірге «Kaspy Group» ЖШС ауыл шаруашылығы техникасы және ірі кәсіпорындардың құрылыс жабдықтарын өндіруде. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында орналасқан ірі кәсіпорындардың техникалық құрал-жабдықтарын өндіру және сынған құрал-жабдықтарды қайта жасау ісі қолға алынған. Машина жасау саласында арпа, бидай, мақсары өнімдерін тазалайтын құрылғылар, жаңбырлатып суғаратын қондырғылар да шығаруда. Зауытта Жапония мен Германияның аппараттары қолданылады. Еуропа елдері мен Қытайдан токарлық станоктар, фрезерлік станоктар алынған.
Қос кәсіпорын басшысымен кездескен өңір басшысы кәсіпті кеңейту, экспортқа шығару бастамасын көтерді. Қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жауаптыларға кәсіпорындарды дамыту бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, қолдау көрсетуді тапсырды. Отандық өнімдер сапасы бойынша халықаралық талаптарға жауап беріп, шетелдік өнімдермен бәсекеге қабілеттілік танытса ол өнімдерді экспортқа шығару тек Түркістан өңіріне ғана емес еліміздің экономикасына да мол табыс құя бастайды. Әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіруде ғылым жетістіктері мен озық технологиялар енгізіліп отандық кәсіпорындардың өндірен өнімдерінің сапасы мен сұранысы артады.