ИНВЕСТОРЛАРМЕН ЖАҢА ЖОБАЛАР БОЙЫНША КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру арқылы өңірлердің экономикасын көтеруді мақсат еткен «Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы барлық аймақтарға да дамуда серпіліс беруде. Өйткені аймақтарда мемлекеттік бағдарламалардығ жобаларды басшылыққа ала отырып өздерінің таяу жылдардағы дамуының стратегиясы мен тұжырымдамаларын қабылдаған. Соған орай өңірдің экономикалық қуаттылығын арттыруды іске асырудың басты бағыттары белгіленіп соны орындау жолында жұмыс жүргізілуде.
Түркістан облысы елдің тұрғындарының саны мен өнеркәсібінің әрадлуандығы жағынан алдыңғы орындарда тұрған аймақ ретінде ұлттық жобаны нәтижелі орындау барысында ел экономикасына елеулі үлес қосатын өңір. Сондықтан да облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыстағы басқосуларда, халықпен кездесулерде өңір экономикасын дамытудың басты шарттарының қатарында қала, аудандарды жаңа өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығы саласында өнімнің өзіндік құнын азайта отырып мол өнім өндіруді жолға қойып, кәсіпкерлікті дамытуды қойып келеді. Ал ол үшін мемлекеттік қолдаумен шектеліп қалмай ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту жұмысын белсенді де нәтижелі жүргізу қажет. Инвестициямен қаржы келсе жаңа өндіріс ашылып, жаңа өнім де шығарылады.
Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы ізденістер мен жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет инвесторларды қабылдап, жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді. Алдымен Қытай инвесторларымен кездескен өңір басшысы зауыт, өндіріс орнын ашуға мемлекет тарапынан инфрақұрылым жағынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Облысымызда арнайы экономикалық аймақ, аудан, қалаларда индустриалды аймақтар бар. Біз өз тарапымыздан инвесторлар мен кәсіпкерлердің бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде Түркістан маңында тұрмысқа қажетті тазалық заттарын шығаратын өндіріс орнын ашу және өзге де жобаларды жүзеге асыру жөнінде келіссөз жүргізілді.
Одан кейін Дархан Сатыбалды «QazaqPlast» ЖШС-нің басшыларымен кездесті. Кәсіпкерлер Түркістан қаласында жаңа кәсіпорын ашуға ниетті. «QazaqPlast» – Қазақстан Республикасы бойынша бір рет қолданатын ыдыстар, фудкорттарға қажетті ыдыс-аяқ және полиэтилен пакеттер шығаруда көшбасшы компания. Алдағы уақытта Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бір жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Облыс әкімі жауапты басшыларға жаңа жобаларды сүйемелдеу, қолдау көрсету жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Бұндай жұмыстар облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктерінде де жүргізіліп жатыр. Инвестиция тартуда, жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтуда өңірлер де осылай жұмысты жандандыра түсулері керек. Сонда жаңа өндіріс, жаңа өнім өндірілуі арқылы облыс бюджетіне қаржы түсіп, өңірдің экономикалық қуаты артады. Ол жалпы мемлекетіміздің қуатын еселей түсуге септік етеді.