КӘСІПКЕРЛІК — ОБЛЫС ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУДЫҢ БІР ДРАЙВЕРІ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының басты мақсаты — барлық өңірлерде экономикалық жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік ашу. Ол үшін әр аймақ, әр қала, аудан мен ауылдық жерлерде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып өндіріс орындарын, ауыл шаруашылығы саласының серіктестіктері мен фермаларын, күнделікті өмірде қажеттілігі бар өнімдер өндіру, халыққа қызмет ету салаларында кәсіп ашу арқылы қалау, ауыл тұрғындары өздерін, отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуы керек. Бұған мемлекет тарапынан жоғарыдағы жобалар мен бағдарламалар арқылы жасалып отырған қолдау бар. Соны тиімділікпен пайдалана білу керек. Өйткені, кәсіпкерлік саласы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің бірі болып табылады.
Түркістан облысының әкімдігі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән беріп, қала, ауылдарда әрбір азаматтың өз кәсібін ашуына жан-жақты көмек пен қолдау жасауды жолға қойған. Кәсіпкерліктің алғашқы қадамдарын жасау, бизнес жоспарды дайындаудан бастап, белгілі бағдарламалар арқылы арнайы қаражат бөлу арқылы мемлекеттің толық қолдайтыны да халыққа үнемі түсіндіріліп отырады.
Облыстың аудандарында да азаматтар шағын кәсіпкерлікпен айналысып, өз кәсіптері негізінде бизнесін бастап, одан табысқа жетіп жатқандары да баршылық. Сондай жеке кәсіпкерлігі арқылы өнім өндіріп, халықтың қажетін өтеп, өзін ғана емес ауылдастарын да жұмыспен қамтып, нәпахасын табуына септік етіп отырған белсенді де іскер жандар Келес ауданында да жеткілікті.
Келес ауданындағы сондай шаруалардың бірі Қошқарата ауыл округі Бесқұбыр елді мекенінің тұрғыны Мұхамед Қалыбаев 2012 жылдан бері жылыжайда көкөніс егумен айналысады. Шаруа көбіне қызанақ пен қияр егеді. Бүгінде қожалық иелігінде 66 соттық жылыжай бар.
Жылыжай иесі мұнда биыл 21 мың қияр көшетін отырғызған. Араға 1 ай салып, ол қиярлары алғашқы өнімдерін бере бастады. Сөйтіп ерте көктемнен бастап шаруа өнім жинап, оны тұтынушыларға ұсынуға кірісті. Жылыжайда екі-үш күн сайын 3 тоннаға жуық қияр жиналады. Шаруа дайын өнімдерді Алматы, Астана, Шымкент қалаларына жөнелтеді. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айлықтары 150-160 мың теңгенің арасында.
Негізі Келес ауданында жылыжаймен айналысып, көкөністің түрлерін өсірумен айналысушы азаматар аз емес. Ауданда жалпы 88 гектарды құрайтын жылыжай кешендері жұмыс істейді. Ондағы шаруалардың басым бөлігі көкөністің қияр, қызанақ түрлерін жетілдірсе, біршама шаруалар құлпынай өсіріп, көшет өсіруді жолға қойған. Әрі олар мемлекет басшысы айтқандай өнім өндіруде суды үнемдеуге, аз шығынмен мол өнім алуға да ерекше мән береді. Соның арқасында ауданда жалпы 26 мың гектар суармалы егіс алқаптары орналасқан болса, жергілікті шарулар озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 өнім алу жобасын кеңінен қолдануда.
Сол сияқты Келес ауданында «Домалақ ана» атты тігін шеберханасы мен дүкені іске қосылды. Бүгінде Ұлбосын Рүстемованың бастамасымен ашылған тігін шеберханасында жалпы 10 адам тігін тігеді. Оның ішінде 4 азамат «Күміс жас» бағдарламасы аясында субсидияланып отыр. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың азаматшалары да бар.
Тігінді тіршілік көзіне айналдырған жандар ұлттық нақыштағы қыз жасауын, құрақ көрпе, мектеп оқушыларының ұлттық нақыштағы бірегей формасы мен сәнді дизайндегі перделер тігеді. Тұтынушылардың тілегі мен сұранысы ескеріле отырып түрлі киім түрлерін тігу арқылы олар тауар түрін кеңейте отырып, тұтынушылар көңілінен шығу бағытында жұмыс жасауда.
Ең бастысы, мемлекеттік бағдарламалар қолдауы арқылы және өздерінің белсенділігімен жеке кәсіптерін ашқан азаматтар бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтумен бірге тұрғындардың қажеттілігін де өтеуде. Сонымен қатар олар жергілікті бюджетке салық төлеу арқылы, отандық азық пен өнім өндіру арқылы өз аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүр. Облыс, аудан әкімдіктерінің қолдауы артқан сайын олар да өз кәсіптерінің ауқымын кеңейтіп, ел дамуына қосар үлесінің мөлшерін де арттыра түспек.