СУДЫ ҮНЕМДЕП, ӨНІМДІ ТЕРЕҢДЕТЕ ӨҢДЕУГЕ КІРІСУДЕ

0
64

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақтарға ауыл шаруашылығының егіс алқаптарында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, мейлінше құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту, су үнемдейтін технологияны көптеп енгізу және суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру жөнінде тапсырма берген болатын. Соған орай Түркістан облысының әкімдігі қала, аудандарда суды үнемдеге байланысты, сол сияқты су үнемдеуші техникалар мен жабдықтар шығаруды да қолға алуда. Оның ішінде егістікті тамшылатып суғаруға көшу қолға алынуда.
Осы бағытта аудан әкім Арман Қарсыбаев ауданда тамшылатып суғару әдісімен 370 гектар күнбағыс өсіріп жатқан «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Диқандардың өтініштерін тыңдады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан жасалатын қолдауларды түсіндіріп, аудандағы ауыл шаруашылығы саласын заманауи түрде дамыту керектігін жеткізді.
Жаушықұм ауылындағы «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруа қожалығы түркиялық инвесторлармен бірге 500 гектар егістік алқабын игеріп отыр. Биыл 370 гектарына күнбағыс егіп, оны тамшылатып суғару әдісімен өсіруде. Бұдан бөлек, шаруа қожалығының басшылығы 100 гектардан астам аумаққа картоп егуді жоспарлап отыр.
Шаруа қожалығы 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, жұмыс ауқымына байланысты 20-30 адамға қосымша жұмыс беріп отыр. Мұнда 23 ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істейді. Күнбағыс өнімін ҚХР, Түркия, Әзербайжан елдері мен ішкі нарыққа өткізуді жоспарлаған.
«Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауы аясында шаруа қожалығын дамытып, зауыт ашуға да ниеттіміз. Бұл тамшылатып суғару дүние жүзі бойынша су тапшылығының алдын алатын және өнімділікті көбейтетін әдіс деп білемін», дейді шаруа қожалығының өкілі Оразалы Шыршықбаев.
Суды үнемдей отырып өндірілген өнімдерді тереңдете өңдеу бағытында да облыс аумағында бірқатар жұмыстар жүргізіліп, цех, зауыттар ашылуда. Өздеріңізге белгілі Шардара ауданындағы индустриялды аймағында жүгері дақылын терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығаратын «Казкрахмал» зауытының құрылысы қарқынды жүруде. Зауыт құрылысы 2025 жыл аяқталып, іске қосылатын болады.
Сондай-ақ, Шардара ауданынан құралған арнайы делегация Жаркент қаласына барып, ауданда салынып жатқан жүгері зауытының басты филиалына барып, бүкіл өндіріспен танысты. Мұндай зауыт ел бойынша Жаркенттен бөлек Шардара ауданында салынуда.
Осыған орай, «Казкрахмал» ЖШС жұмыс істеуге ниетті жандарды жұмысқа қабылдау үшін Жаркент қаласындағы крахмал- сірнесі зауытына тәжірбие үйретуге ауданнан бірқатар тұрғындардың алғашқы легін жіберді. Жұмысшылар әртүрлі салалар бойынша, атап айтқанда технолог, тігінші, крахмал зауыты операторы тағы да басқа жұмыстарды үйреніп, қайта келіп зауытта жұмыс жасайтын болады. Жаркенттегі зауытта үйрену барысында айлық жалақы беріліп, жатахқанамен тамақпен қамтамасыз етеді.
Басты мақсат Шардарадағы зауыт іске қосылғанда өндіріс орнын дайын мамандармен толығымен қамтамасыз ету.