«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ ҚАЛА, АУДАНДАРДА ЖАЛҒАСУДА

0
83

Республикалық «Мектепке жол» акциясының мақсаты халықтың аз қамтамасыз етілген, көпбалалы, толық емес отбасының балаларының мектепке баруға дайындығына көмектесу болып табылады. Дәстүрге айналып келе жатқан бұл акцияға жергілікті билік мұрындық болып, жекелеген кәсіпкерлер де атсалысуда. Сол сияқты халқының саны көп Түркістан облысында балалардың бірінші сыныпқа бару мәселесі де әкімдіктердің назарында.
Биылғы оқу жылы Түркістан облысының мектептерінде 50 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барады. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді. Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарының саны 1 060-қа артқан. Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-ы биыл 1-сыныпқа қабылданады.
«Жалпы Түркістан облысында 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінде 66 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын. Биыл 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 5 мектеп 2024 жылдың 1-қыркүйегінде пайдалануға берілмек. Өңірде «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында 2023-2025 жылдары аралығында 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Ал 2024 жылы 22 900 орындық 29 мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Жайлы мектептердегі» педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі»,- деді Жандос Маханбетов.
Спикердің сөзінше 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңге берілген. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Түркістан облысының филиалы әдеуметтік осал топ отбасыдан шыққан 16 балаға мектеп формасымен қоса оқу құралдарын алып берген. Одан бөлек, қоғамдық ұйым өкілі «Дәулеттен» ЖШС-і тарапынан жаңа оқу жылында 1 сыныпқа келетін 50 оқушыға көмек беруге ұсыныс білдіріп, тізімі жолданған.
Бірінші тамыздан бастау алған «Мектепке жол» акциясы облыс аумағында жалғасуда. Таяуда «Экобазар» кешенінде Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеге жергілікті 26 кәсіпкер қатысты. Сондай-ақ жәрмеңкеге қойылған кеңсе құралдары, балалардың мектеп сөмкелері, формалары мен аяқ киімдері қолжетімді бағада тұрғындарға ұсынылды.
Шараның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде мектеп тауарларын нарықтық бағадан төмен бағада сатып алуға жағдай жасап, ата-аналардың балаларын мектепке дайындауды мүмкіндігінше жеңілдетуге бағытталған.
Екі күнге жоспарланған бұл шарада қала тұрғындары мен ауылды жерлерден келген тұрғындар балаларын мектепке дайындауда қажетті нәрселерін нарық бағасынан төмен бағада алып, керк-жарақтарын тапты.
Ордабасы ауданындағы «Самұрық» аллеясында да аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті.
Жәрмеңкеге Шымкент қалалық «Автонұр» сауда орталығының 80-ге жуық кәсіпкерлері қатысып, балалардың мектепке қажетті киім-кешектері мен оқу құралдары жеңілдетілген бағада алушыларға ұсынылды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев 1-ші тамыздан бастау алған игі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлерге өз алғысын жеткізді. Аталған акция аясында Ордабасы ауданы бойынша әлеуметтік аз қамтылған және толық емес отбасыдан шыққан 3 223 бала, құны 43 407 теңгені құрайтын әлеуметтік қолдауға ие болды.
Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында Ленгір қаласының орталық алаңында да мектеп жәрмеңкесі өтті. Төлеби аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйытқы болуымен өткен шараның мақсаты – ата-аналарға балаларын мектепке дайындауда көмек көрсету. Жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылған акцияға жергілікті және Шымкент қаласының кәсіпкерлері қатысып, өз тауарларын төмендетілген бағада ұсынды. Жәрмеңкеде мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары мен оқу құралдарын жергілікті тұрғындар мүмкіндігінше сатып алды.