КӨНЕ ҒИБАДАТХАНА КЕШЕНІ ҒЫЛЫМ ҮШІН БАҒАЛЫ ОЛЖА

0
83

Түбі бір түркілердің тарихи отаны, әрі көптеген Түркі қағанаттарының құрамындағы аумақ ретінде қасиетті Түркістан аумағынан жүздеген ғасырлардың сырын қойнына бүккен жәдігерлер, тарихи сәулет-архитектуралық нысан қалдықтары, жерлеу орындары, кесенелер табылып, бір замандарда бұл өңірдің адамзат дамуында ерекше маңызды рөл атқарғаны егемендік алғалы анық көріне бастады.
Түркістан облысынан таяуда тағы да бір сондай тарихи жәдігер табылды. Нысанда Каңлы қағанаты кезеңінің адамдары құрбандық шалғандығы анықталды. Ғибадатханадан тастан жасалған құралдар мен рәсімдерді орындауға арналған көптеген бұйым табылған.
Түркістандық археологтар тарихи нысанды тауып, зерттеуді бастады. Бұл тас ғибадатхана бірнеше бөлме мен дәлізден тұрады. Көне жәдігер Каңлы дәуіріне жатады, дейді мамандар. Сол кезеңдегі адамдар мұнда өздерінің салт-дәстүріне, сенім-нанымына байланысты белгілі бір уақыттарда аталған арнаулы орында құрбандық шалып отырған көрінеді. Ғибадатханадан керамикалық тостағандар, темекі тартқыштар, диірмен тастары мен астық үккіштер табылған. Шошақтөбе ғибадатханасы — ғалымдар үшін үлкен қазына болып отыр. Оны мұқият зерттеу жұмыстары, табылып жатқан жәдігерлерді зертханада зерттеу істері тың тарихи деректерді анықтауға, Қаңлы дәуіріндегі бабаларымыздың өмір салтын, қолданған еңбек құралдары мен ұстанған салт-дәстүрлерін, тұрмыстық әдебтері мен әдеттерін тереңірек білуге жол ашады.
Профессор Александр Подушкиннің айтуынша, ғибадатхана Каңлы мемлекетінің сенімдері мен рәсімдері туралы түсінік береді. Мұндағы кейбір жәдігерлерде кесірткелердің, қошқарлардың, тіпті азиялық мүйізтұмсыққа ұқсас жануарлардың кескіні бейнеленген. Сондай ақ, ғибадатхана маңайынан мыңдаған қыш ыдыс табылған.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры, Оңтүстік өлкесіндегі жәдігерлерді ондаған жылдардан бері зерттеп жүрген архиолог Александр Подушкин: «Біз мұнда ежелгі жәдігерлерді зерттеп жатырмыз. Әзірге мұнда қандай рәсімдер орындалғаны түсініксіз, дегенмен егіншілік атрибуттары жойылған кезде бәрін анықтаймыз. Мұнда көптеген құнды заттар бар. Менің ойымша мұның барлығы ежелгі дәстүрмен байланысты болуы мүмкін» дейді, алғашқы табылған жәдігерлер бойынша ойын түйіндеп.
Табылған ғибадатхананың жанынан адамдар жерленген бірнеше қорым да табылған. Ол қорымдарда көне түркілік дәстүрлерге сай бір отбасының мүшелері мен оларға тиесілі болған әшекейлер, және олар көзі тірісінде пайдаланған ас үй ыдыстары жерленген. Осындай анықталған жәйіттерге қарап зерттеуші археологтар: «Бұл ғибадатхана кешені – осы аймақты мекендеген тайпа адамдары осы жерлерде тұрақты мекені ретінде өмір сүріп, ғасырлар бойы құдайларына дұға еткен біртұтас кешен болған, дейді археологтар.
Археолог Гүлмира Стамқұлова: «Бұл жерлеу орындары сол заманның өзінде көп тоналған. Бір емес бірнеше рет тоналған. Тоналғандығының белгісі тонау кезінде тонаушылар мүрделердің сүйектерін жан-жаққа шашып, қорымның астан-кестеңін шығарады. Қолдарына түскен қымбат жәдігерлерді түгел сыпыра алып кетуге тырысады. Дегенмен кей бұйымдар қалып қояды. Көріп тұрғандарыңыздай бұл — алибастр. Сол кездегі адамдарда тірі күнінде қолданған заттарын о дүниеге барғанда да қолданады деген сенім болған. Сондықтан да қайтыс болған адамдардың киімдерін, ыдыс-аяғы мен кей кездері жауынгерлік қару-жарағын өзімен бірге моласына салып, мүрденің жанына қойып жерлейтін болған», дейді.
Археологтардың айтуынша, бұл аумақтағы зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылады. Ал Каңлы мемлекеті кезеңінің артефактілері, әсіресе, ғибадатхана кешені мен жерлеу орындары сияқты нысандар – қазақстандық ғылым үшін үлкен жетістік. Табылған барлық жәдігерлер республикалық Орталық мемлекеттік мұражайына сақтауға беріледі.