СТАНДАРТТАРҒА САЙ СПОРТ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Мемлекетіміз азаматтардың, оның ішінде жас ұрпақтың денсаулығын нығайту бағытында көптеген шараларды қолға алып, спорттың бұқаралығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуде. Бұл салаға Түркістан облысында да жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінуде.
Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде заманауи стандарттарға сай спорт кешені бой көтеруде. Бүгінде тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде жер-жерлерде спорт нысандары бой салынып, спортты жанына серік етушілерде күн санап артып келеді.
Заманауи орталық негізінен қимыл-қозғалыстың тездігі, шабуылдың шапшаңдығымен ерекшеленетін спорттың түрі үстел теннисін ауданда дамыту мақсатында салынып жатыр. Аудан басшысы Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов және мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Асықата кентінде 1 гектар аумақта орналасатын спорт кешенінің құны 1 млрд теңгені құрайды. «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен іске қосылатын 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, ерлер бөлмесінде 15 төсектен және әйелдер бөлмесінде 15 төсектен тұратын әкімшілік блок орналастырылатын болады.
Спорт кешені бір мезетте 200-ге жуық адамды қабылдап, жаттықтыруға қауқарлы. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында толық аяқталып, спорт кешенін ел игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан көлемінде үстел теннисімен жалпы саны 210 жасөспірім тұрақты түрде шұғылданып келеді.
Сол сияқты таяуда Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Спорт күні» мерекесіне орай аудандық спартакиада болып өтті.
Аудандық сайыста спорттың кіші футбол, үстел теннисі мен арқан тарту, асық ату мен бес асық, ләңгі тебу түрлерінен 100-ге жуық спорт саласының майталмандары өзара бақ сынасты. Сонымен бірге шараға мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев қатысты.
Спорт сайыстары қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып бұқаралық спортты дамыту, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Жанкүйерлердің спортқа деген сүйіспеншілігін арттырған теңбіл доп шеберлері сайысының қорытындысы бойынша өзге командалардан айла-тәсілі мен тәжірибесін арттырған «Жетісай» футбол клубының құрамасы ІІІ орынға табан тіресе, ІІ орын «Жетісай спорт клубы» командасына бұйырды. Жүлделі І орынды №1 БЖСМ командасының ойыншылары иеленіп, жеңімпаз атанды. Ал, арқан тартудан ІІІ орынды №2 БЖСМ құрамасы иеленсе, ІІ орынды «Жетісай спорт клубы» мекемесінің, І орынды «Ұлттық спорт клубы» мекемесінің білекті жігіттері қанжығаларына байлады.
Жылдамдық пен дәлдікті қажет ететін үстел теннисі бойынша ІІІ орынға №2 БЖСМ ойыншысы Ерлан Қарашаев, ІІ орынға «Жетісай» спорт клубының ойыншысы Мақсат Қыдырша, І орынға №3 БЖСМ ойыншысы Аружан Нұржанқызы ие болды.
Сондай-ақ, ұлттық спорт ойындары саналатын асық атудан ІІІ орынды «Жетісай» футбол клубы, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубы, І орынды №3 БЖСМ ойыншылары, бес асықтан ІІІ орынды «Жетісай» футбол клубының қызметкері Альбина Ахмет, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Сания Жантасова, І орынды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкері Гүлбаршын Жайлыбаева, ләңгі тебуден ІІІ орын №1 БЖСМ құрамасының, ІІ орын №3 БЖСМ құрамасының, І орын «Жетісай» спорт клубы құрамысының еншісіне бұйырды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мен үздік ойыншыларға ұйымдастырушылар тарапынан кубок, бағалы сыйлықтар, дипломдар мен медальдар табысталды.
Кәсіби мерекеде қоғамдық істерде белсенділік танытып, спорттың дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлер Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, жалпы командалық есепте спартакиаданың ІІІ орынын спорттың 6 түрінен 93 ұпай жинаған «Жетісай» футбол клубының командасы иеленсе, ІІ орынды 106 ұпаймен №3 БЖСМ командасы иеленді. 124 ұпай жинаған «Жетісай» спорт клубының құрамасы командалық есепте көш бастап, І орынды қоржындарына салды.