ЖАҢА ЗАМАНДА ЖАҢАША БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
77

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мәтелді бабаларымыз бағзы заманда айтып кеткен. Дегенмен, бүгінгі күнде сол мәтелдің маңыздылығы артып отыр. Қазіргі заманда білімі мен ғылымы, оның ішінде электроника мен цифрландыруф, айти, робототехника, жасанды интеллект салалары дамыған мемлекеттер бәсекеге қабілетті ең озық елдер қатарына көтерілуде. Мемлекет басшысы да өз жолдауларында елімізде заманауи білім беру әдістерін енгізіп, электроника мен цифрландыру, озық технологияларды дамыту арқылы мемлекетімізді дамытатын, бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына көтере білетін ұрпақты дайындауды тапсырып келеді.
Соған орай Қазақстан Республикасының білім беру саласын да заман талабына сай етіп, мұғалімдердің оқыту сапасын, білім беруді ең озық әдістермен жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында педагогтардың жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында сапалы дайындалуын, білім ордаларына келіп жұмысқа кіріскен соң да ұстаздардың үнемі білімін жетілдіріп, өз саласы бойынша ғылыми жетістіктерді игеруіне жағдай жасалуы қадағаланып отырады. Жыл сайын педагогтардың басты жиналысында атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылар істер сараланып, міндеттер белгіленеді.
Биылғы облыстық «Тамыз кеңесі» 27 тамыз күні өткізіледі. Кеше осы шара шеңберінде «Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбында секция жұмыстары жүргізілді. Маңызды жиында 26 секция өтті. Кеңеске 1000-ға жуық педагог қатысты. Басқосуда әртүрлі бағыт бойынша спикерлер баяндама жасап, өзара тәжірибе алмасты.
Конференция барысында білім берудегі цифрлық инновациялар, жасанды интеллект технологиялары, білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай ұстанымдарын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Баршаға қол жетімді әрі сапалы білімді талқылаған жиында мектептерді бірлесе дамыту стратегиялары, цифрлық білім беру ресурстары – білім сапасын арттыру құралы, заманауи білім берудегі Lesson study тәсілі көрсетілді. Біртұтас тәрбие – құндылықтар шыңы бойынша құнды ақпарат айтылды. «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында әдістемелік жұмыстың заманауи жүйесін қалыптастыру тәсілдері» мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың жаңа тенденциялары сөз болды.
Сынып жетекшілері бала құқығындағы цифрлық сауаттылығын дамыту бойынша тәжірибесін ортаға салып, мектеп оқушыларының психологиялық әрекетінің семиотикасы мен мәдениеті, білім беру ұйымдарындағы тамақтануды ұйымдастыру, балалар кітапханасы – оқитын ұлт қалыптастыру жөнінде мәлімдеме жасалды.
Айта кетейік, секциялық отырыстың мақсаты – оқушылардың ойлауын қалыптастыруда компьютерлік сауаттылықты, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, заманауи талаптарға сәйкес жан-жақты даму мен оқытуға жәрдемдесу, табысты тәжірибе алмасу.
Сондай-ақ, Түркістан облысында жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныпта оқитын 220 920 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде, осал топтағы отбасыдан шыққан 60 693 бала, 1-4 сыныптағы 160 227 бала бар. Жалпы облыстағы 881 мектепте балаларды ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылған.
Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-і биыл 1-сыныпқа қабылданады. Айта кетсек, 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңгеден үлестіріледі.
Түркістан облысында мектепке дейінгі мекемелердің жұмысына да жете назар аударылады. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Бабата елді мекеніне барып, онда жеке инвестор бастамашылдығымен салынып жатқан 50 орындық балабақша құрылысының жұмыс барысымен танысты. Қазіргі уақытта жаңа нысанның ішкі жұмыстары басталған.
Сонымен қатар, аудан басшысы тұрғындардың талап-тілектері негізінде қолға алынған жобаларға жеке-жеке тоқталып, округ әкіміне әрбір істі жіті бақылауды тапсырды. Елді мекенде демеушілер есебінен қосымша ауыз су құдығын қазу жұмысын пысықтады.
Ал, 350 шаршы метр аумақты алып жатқан балабақшаны жеке кәсіпкер Нұрман Назаров салуда. Ғимарат заман талабына лайықталып, бүлдіршіндердің жас ерекшелігіне сай жабдықталмақ. Асхана, ойын бөлмесі, жатын бөлме, медициналық кабинетпен қамтылып, балабақшада 15-ке тарта адам жұмыспен қамтылатын болады.