ДИМАШ БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА БЕЙНЕБАЯН ТҮСІРДІ

0
52

Елдің әлемдік деңгейде танылуына кейде жеке тұлғалардың да үлкен әсері болады. Ондай тұлғалар өзінің дарынымен әлемді ғана аузына қаратып қоймай, ұлтының да еңсесін көтеріп, өмірге құлшынысын арттырады. Бүкіл мемлекетте серпіліс тудырады.
Сондай әлемдік деңгейдегі дара тұлға, қазақ елінің мақтанышы, әнші Димаш Құдайберген Түркістан облысының Бәйдібек ауданының аумағындағы киелі орын саналатын Ақмешіт үңгірінде кезекті бейнебаянын түсірді. Димаштың және оның бейнебаянының арқасында табиғаты керемет таңғажайып Ақмешіт үңгірі әлемге танылатын болады. Әншінің өңірге сапары, бейнебаян түсіру жұмысы тарихи-мәдени мұраның маңыздылығына, керемет табиғат көріністеріне назар аудартады.  Сондай-ақ, алыс-жақын шет елдерден туристердің киелі мекенге көптеп келуіне септігін тигізіп, ауданда туризимнің дамыуына ықпал етеді.
Димаш Құдайбергеннің қатысуымен Қазақстан туризмін ілгерілету жөніндегі музыкалық туындысына бейнебаян түсірілімі аясында аудан әкімдігі тарапынан қолғабыс көрсетілді.
Осы орайда, Түркістан облысы әкімдігі түсірілім жұмысының Бәйдібек ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, аудан әкімдігіне алғыс білдірді.
Айта кетейік, ағымдағы жылы 13-14 қыркүйекте Астанада Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді. Қазақстанның халық әртісі «Astana Arena» стадионында «Stranger» атты жеке концертінде өнер көрсетеді. Ұлттық дыбыстық және қазіргі әуендік техника үйлесім тапқан әлемдік деңгейдегі шоуда дәстүрлі және заманауи стильдегі композициялар орындалады. Ән кеші 8-13 қыркүйек аралығына жоспарланған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «ДимашАли» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткізіледі.
Бәйдібек ауданында сондай-ақ, мәдениет-өнер саласына қатысты тағы бір іс-шара өтті. Аудандық орталық кітапханада Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бастауымен алтын қорға үлес қосу мақсатында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өтті.
Акция аясында  Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспановамен кездесу кеші ұйымдастырылды. Кешті аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев ашып, сөз сөйлеп Бақытжамал Оспанованың кітапхана жолында атқарып жатқан еңбегіне тоқталды және аудан әкімінің арнайы құттықтау хатын табыстап, сый-құрмет көрсетті.
Кездесу кешінде сөз алған Бақытжамал Оспанова кітапханашылардың көкейіндегі түрлі сұрақтарға жауап беріп, өзінің еңбек жолы туралы естеліктерін әңгімелеп берді. Қазіргідей электрониканың, интернеттік жүйенің шарықтап дамып бара жатқан жағдайында кітапханалардың жұмысын қалай жандандырып, оқырмандарды кітапханаға тарту әдістері мен ғылым жетістіктерін, оның ішінде интернет жетістіктерін де жұртшылықты, оның ішінде жастарды кітап оқуға ынталандыру жолдары туралы баяндады. Сонымен қатар, акция аясында  аудандық орталық кітапхананың алтын қорына жаңа 1500 дана кітапты сыйға тартты және бірқатар кітапханашыларға «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісін табыстап, арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының қызметкері Қаншайым Изамбекова, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы Бағдат Қалаубай, аудандық әжелер ұйымының төрайымы Әтір Әлиева, еңбек ардагері Клара Қамбарова сөз сөйлеп, келген қонақтарға ізгі тілектерін жеткізді.
Кездесу кешіне жиналғандар аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының өнерлерін тамашалап, мерекелік көңіл күйге бөленді.
Кеш соңында Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы және Бәйдібек аудандық орталық кітапхана жүйесінің  директоры Айгүл Орынбасарқызы қорытынды сөз сөйлеп, кеш қонақтарына алғыстарын білдірді.