« МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ АРҚЫЛЫ КӨМЕК КӨРСЕТІЛУДЕ

0
82

Мемлекеттің арнайы қабылдаған шараларының арқасында еліміздің барлық білім ордаларында жаңа оқу жылына дайындық барысында кедей, көмекке мұқтаж, жалғызілікті, көпбалалы отбасыларының балаларына үкіметтің шешімімен жаңа оқу жылына оқулық, киім-кешек пен басқа да керек-жарағын сатып алулары үшін қаржылай кқмек қарастырылған. «Мектепке жол» акциясы арқылы да мемлекет тарапынан және жекелеген кәсіпкерлер мен ұйымдар тарапынан да мұқтаж отбасылардың балаларына қолдау көрсетіліп, жәрдем берілуде.
Түркістан облысында жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныпта оқитын 220 920 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде, осал топтағы отбасыдан шыққан 60 693 бала, 1-4 сыныптағы 160 227 бала бар. Жалпы облыстағы 881 мектепте балаларды ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылған.
Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-і биыл 1-сыныпқа қабылданады. Айта кетсек, 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңгеден үлестіріледі.
Созақ ауданының орталығындағы Жібек жолы көшесінің бойында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті.
Шара барысында көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 20 баланың ата-анасына облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбековтің демеушілігімен 50 мың теңгеден қаржылай көмек табысталды.
Жәрмеңкеге жергілікті кәсіпкерлер қатысып, кеңсе құралдары мен балалардың мектеп формаларын қолжетімді бағада тұрғындарға ұсынды.
Айта кетейік, биылғы оқу жылы қарсаңында аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың мектеп жасындағы 1250 баласына мемлекет тарапынан 43 мың 407 теңгеден 54 млн 258 мың 750 теңге жеке көмек қарастырылуда.
Бұдан бөлек, аудан әкімі аппараты мен бюджеттік мекемелер тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 107 балаға оқу құралдары мен мектеп формалары, аяқ киімдері және сөмкелер табысталады.
Сарыағаш ауданы әкімінің және Аманат партиясы, Білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Мектепке баланы даярлайық!» атты Мектепке жол акциясы аясында демеушілердің қолдауымен,  яғни облыстық мәслихат депутаты Әбдібаев Жомарт мектеп формасы және мектепке қажетті заттар алу мақсатында 60 балаға қаржылай көмек көрсетті.
Сонымен қатар,  аталған іс-шара  М. Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында жалғасын тапты. Түркістан облыстық маслихатының депутаты Ж.Сүлейменов 50 баланы мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етті.
Ал, Отырар ауданында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы өтті. «Балаларға бірге көмек берейік!» атты айдармен өткізілген акцияның мақсаты – оқушылардың мектепке сақадай сай болып, толық дайындықпен баруын қамтамасыз ету, көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың қажетті білім алуына қолдау көрсету болды.
Аталған акция аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақовтың құттықтау сөзімен басталып, концерттік бағдарламаларға ұласты. Акция барысында балаларға қажетті оқу құралдары мен киім-кешектер үлестірілді. Атап айтқанда акцияға аудан басшысының бастамасымен мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, жеке кәсіпкерлер қатысып, атсалысты.
Акция аясында демеушілер есебінен аудан көлеміндегі 630 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формаларын әперіп, көмек көрсетілді.