ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДА БОЛДЫ

0
55

Мемлекетіміз отбасылық, ана мен баланы қорғау, балалардың денсаулығын сақтау, олардықорғау мен қолдау бағытында үздіксіз саясатын жүргізіп келеді. Бар жақсымыз балаларға ұранымен жас ұрпаққа жан-жақты жетілген азамат болып қалыптасуына барлық жағдайларды жасау бағытындағы жұмыстар жоспарлы іске асырылуда. Сол сияқты тумысынан немесе түрлі жағдайлармен мүгедектікке, арнайы қарауға, қосымша жағдайлар жасауға кіріптар болып қалған балаларды қамқорлыққа алып олардың қоғамда өздерін өзгелермен тең жағдайда сезінуіне жағдайлар жасау үшін де мемлекеттік бағдарламалар арқылы көптеген шаралар жасалынуда. Сондай мемлекеттік қамқорлықтың бірі – балаларды оңалту орталықтары болып табылады.
Кентау қаласына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ерлан Тұрсынбайұлы Әбдиев іс-сапармен келді.
Мәжіліс депутаты жасаған жұмыс сапары барысында қалада орналасқан “Жансая” облыстық балалар оңалту орталығында кездесу өткізді. Кездесу барысында “Жансая” облыстық балалар оңалту орталығының жұмыс барысымен танысып және мәселелерін тыңдады.
Кездесуге қала әкімінің орынбасары А.Байболова, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Т.Садуов, қалалық мәслихат төрағасы Қ.Елеусізов, қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Ж.Таукеева, “Аманат” партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы А.Басаров, тиісті мекеме басшылары қатысты.
Жыл басынан оңалту орталығында 1836 бала, оның ішінде қазіргі таңда 166 бала оңалту емін қабылдауда. Онда балаларға екі бағытта емдеу түрлері қызметі көрсетіледі.
Мәжіліс депутаты Ерлан Тұрсынбайұлының жұмыс сапары қаладағы Арнаулы Кәсіптік Колледжінде жалғасты. Онда Арнаулы кәсіптік колледжіндегі студенттермен танысып, мекеменің жұмыс барысы және проблемалық мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында халық қалаулысы көтерілген мәселелердің депутаттық сауал ретінде қажетті министрлікке жолданатынын атап өтті.