«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Еліміздің болашағы жас ұрпақтың сапалы білім саналы тәрбие алуын қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан көптеген жобалар мен бағдарламалар қабылданып, әртүрлі шаралар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Мектепке жол» республикалық акциясы. Бұл акция жыл сайын бірінші тамыздан басталып, көмекке зәру, аз қамтылған, көпбалалы отабсыларының мектеп жасындағы балаларының жаңа оқу жылына толық дайындықпен мектеп табалдырығын аттауларына жәрдемдесуді мақсат етеді. Акцияға мемлекеттік, қоғамдық, басқа да түрлі қайырымдылық ұйымдары және жеке кәсіпкерлер атсалысады. Соның арқасында жеткіншектеріміз жаңа оқу жылына толық киініп, сөмкесіне оқу құралдары мен қажет заттарын салып сақадай сай болып барады.
Оқу жылы басталар қарсаңында Түркістан облысының Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіндегі Әшірбек Сығай атындағы жалпы орта мектебінде жаңа оқу жылының алдында жыл сайынғы жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы өтті. Акцияның мақсаты – оқушылардың мектепке толық дайындықпен баруын қамтамасыз ету, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың қажетті білім алуына көмектесу болып табылады.
Аталған акцияға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, аудандық мәслихат депутаттары Ерсұлтан Елеуов, Арсылан Раматуллаев тағы да басқа азаматтар қатысты. Шарада аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың құттықтау сөзімен басталып, концерттік бағдарламаға ұласты. Акция барысында балаларға жергілікті демеушілер есебінен қажетті оқу құралдары мен киім-кешектер үлестірілді.
Қайырымдылық – адам бойындағы ізгі іске бағыттайтын алтын қақпа іспеттес, ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі екені даусыз. Акция балалардың өмір сапасын жақсартуға қосып жатқан үлесінің тағы бір жарқын көрінісі болды.