ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР ҚОС ЖҮЛДЕНІ ҚОРЖЫНҒА САЛДЫ

Қазақстан Республикасында жас ұрпақтың дені сау, білімді де тәрбиелі болып өсуіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінеді. Мемлекеттік Жастар саясаты, балаларды қорғау мен қолдау бағдарламасы сол жеткіншектеріміз бен жасөспірімдерімізді шыныққан да шымыр, денсаулығы мықты, белсенді де өнегелі етіп өсіруге бағытталған. Соның ішінде балабақшадан бастап балаларды денешынықтырудан бастап бұқаралық спортқа деен қызығушылығын ояту бағытында жұмыс жүйелі жүргізіледі. Ал қызығушылығы оянған жеткіншектер өздері қалаған спорт түрімен кәсіби негізде шұғылдануына да толық мүмкіндіктер жасалған.
Түркістан облысында жас қрпақ денсаулығы мен тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, жүйелі де нәтижелі жұмыс жүргізіліп келеді. Көптеген түркістандық жеткіншектер мен жасөспірімдер түрлі спорттық жарсытарда ел қоржынына жүлделер салып жүр.
Қытайдың Уси қаласында таяуда таеквондодан жасөспірімдер арасында (WT) өткен «Grand slam-2024» халықаралық турниріне қатысқан түркістандық спортшылар қос жүлдемен оралды.
Алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық сайыста Нәлібай Жаншуақ 2-орынға (45-61 келі салмақта), Акрамова Шахризод 3-орынға (33-45 келі салмақта) ие болды. Жаттықтырушылары – Тұраров Абзал мен Тұрлыбек Жандарбек.
«Спортқа келгенде таеквондоны өзім таңдадым. 10 жасымнан бастап осы спорт түрімен шұғылданып келемін. Өзіме қатты ұнайды. Болашақта олимпиада чемпионы болғым келеді. Сол үшін де аянбай тер төгуге дайынмын» – деді түркістандық жас спортшы Жаншуақ Нәлібай. Сондай-ақ ол спорттағы әр жетістігіне қолдау білдіретін ата-анасы мен жаттықтырушысына алғысын жеткізді.
Айта кетейік, аталған халықаралық спорт сайысына елімізден 34 спортшы қатысқан болатын. 20-дан аса мемлекет қатысқан турнирде Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орынды иеленіп, 7 алтын, 3 күміс, 6 қола медальді қанжығаға байлады.