ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БАСТАМА ЭКОМӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА

0
62

Мемлкет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы елімізде азаматтардың экомәдениетін қалыптастырып, тазалықты сақтау, қоршаған ортаны ластамау әдеттерін қалыптастыруға арналған. Қазақстанда Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жаңа сервис іске қосылды.
@TazaQazBot чат-боты экологиялық және қоршаған ортадағы мәселелерді шешуге өтініш беру процесін жеңілдетуге арналған. Жаңа құрал – қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды жинауға, қаланы абаттандыруға қатысты мәселелерді жедел хабарлауға мүмкіндік береді.
@TazaQazBot – Қазақстанды тазалық пен тәртіп орнаған ортақ үйіміз етуге мүмкіндік.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте өткен аптада анықталған кемшіліктердің орындалуы сараланды.
Бүлінген аяқжолдар мен қоршаулар, істен шыққан автоматты суғару жүйелері ретке келтіріліп, арық-атыздар тазаланған. Қала әкімінің Жаңа қала аумағын аралау барысында берілген тапсырмаларға сәйкес, жауапты мамандар көпқабатты үйлердің қасбетін реттеу мақсатында 990 салқындатқыш құрылғыларының қосалқы қорабын бірдейлендіріп, қайта орнатылуын қамтамасыз еткен. Тұрғындарға желдеткіш орнату барысында сақталуы тиіс техникалық талаптар түсіндірілуде. Бұл жөнінде қала әкімінің кеңесшісі Мадияр Асан 9-11, 32, 24 көшелер бойындағы кемшіліктерінің орындалуы туралы баяндамасында атап өтті.
Ветеринариялық қызмет мекемесінің Түркістан қалалық филиал басшысы Семсерхан Тоғаев өз кезегінде жыл басынан қалалық «1310» біріңғай байланыс орталығына ит, мысықтарды аулауға 3192 өтінім түскенін, оның ішінде нақты 3174 өтінім орындалғанын мәлімдеді. Ветеринариялық қызмет мамандары тұрғындарды Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі «Түркістан облысы бойынша үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидаларын бекіту туралы» № 17/209-VII шешімінде көзделген талаптарды сақтауға шақырғанымен, әлі де шағымдар азаймай тұрғанын жеткізді. Жыл басынан бері ит-мысықтардан 270 адам зардап шеккен. Оның ішінде 148 иттің егесі анықталған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажетті шараларды секторлармен бірлесіп, тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
Қала тазалығын қамтамасыз ету бағытында Полиция басқармасы тарапынан 12-18 тамыз аралығында «Қоғамдық орындарды ластау» бабымен — 184 адамға, елді мекендерде абаттандыру ережелерін бұзған 61 азаматқа айыппұл рәсімделген. Бұл жөнінде қалалық Полиция басқармасы басшысының орынбасары Ахан Сапарбеков баяндады.
Шаһар басшысы:
— Құқықбұзушылықтарды анықтауда бейнебақылау камераларының көмегі қай деңгейде? Олардың санын арттырғанымен әлі күнге нәтиже көңілден шығып тұрған жоқ. Қоршаған ортаны ластағандарды кешіргенімен мәселе шешілмейтінін ұмытпаңыздар, — дей келе, бақылаудың атүсті жүргізілмеуін қатаң қадағалауды жүктеді.
Мәжіліс барысында сондай-ақ, облыс әкімінің және қала әкімінің тұрғындармен кездесуі кезінде, жеке қабылдауда берілген тапсырмаларының орындалуы сараланды. Хаттамалық тапсырмалар зерделеніп, жиналыс қорытындысымен тапсырма-жоспар қайта жаңартылды
Ал, Сауран ауданында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында көгалдандыру және тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Ауданға қарасты 12 ауылдық округінде және білім бөліміне қарасты 42 мектеп өз аумақтарында жаппай сенбілік жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, экологиялық акция аясында әктеу сырлау, арық-атыздары тазалау жұмыстары қатар атқарылуда. Оған аудан тұрғындары, белсенді жастар мен еріктілер де қатысуда.
Сенбілікте ауылдық округтердегі көше бойлары тазаланып, ретсіз өскен бұталар алынып, талдардың түптері әктелді. Аяқ жолдар тазаланып, саябақтар және скверлер ретке келтірілді. Көпірлерді, өзендердің, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды. Жалпы сенбілік, тазалық жұмыстарына 828 адам қатысып, 5 техника жұмылдырылды. Сенбіліктің нәтижесінде 41 тонна қоқыс шығарылды. Экологиялық акция жұмыстары күнделікті қарқын алып, өз жалғасын табатын болады.